Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары таудағы қазіргі жағдай мен қысқы маусымда сақталуы тиіс қауіпсіздік амалдары туралы баяндап берді, - деп хабарлайды aqshamnews.kz.
ҚР ТЖМ РЖҚЖ құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Вадим Пактың айтуынша, биыл қыста өткен жылдарға қарағанда тауға қар қалыпты жауған, алайда қалың қар жауған кезде қар көшкіні болуы да әбден мүмкін.
«Биыл қар сирек жауады, бірақ мол түседі. Қар жауғаннан кейін бес–алты күн бойы тік беткейлерге, қарлы жыраға шығып, қардың астында тұруға болмайды, себебі кез келген уақытта қар көшуі ықтимал», – дейді.
Спикердің айтуынша, еңістігі 30–45 градустан асатын беткейлер, қар басқан жерлер мен қар жауғаннан кейінгі жел жақ беткейлер ең қауіпті аймақтарға жатады екен. Сондықтан топ болып жүрген кезде қайсысы болсын ара қашықтықты сақтап, қауіпті жерлерден бір-бірлеп, аса сақтықпен өтуі тиіс.
«Қауіпсіздік техникасын сақтамай, жолға дайындықсыз шығып, қар көшіп, үсік шалуы мүмкін екенін көбі ескере бермейді», – деп айтты Вадим Пак.
Соңғы жылдары құтқару қызметінің таудағы жұмысы күшейген.
«Тауда құтқару қостары мен деполар орнатылып, жаңа кезекшілік пункттері ашылып жатыр. Бұл жедел әрекет етіп, азаматтардың өміріне дер кезінде араша түсіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді спикер.
Өз кезегінде Әділхан Балтабай қысқы маусым басталғалы бері таулы аймақта шамамен 20 құтқару операциясы жүргізіліп, 25 адам құтқарылғанын, бес адамға психологиялық көмек көрсетілгенін хабарлады.
«Қыс кезінде мүлде қауіпсіз аймақтарды бөліп көрсету қиын, себебі таулы жерлердің әрқайсысы өзінше қауіпті. Әсіресе дайындықсыз келіп, бірден тауға бет алатын туристер көп қауіп тудырады», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар спикер Алматының таулы аймақтарындағы қолданыстағы құтқару пункттері туралы ақпарат берді.
«Қазіргі таңда қаланың мамандандырылған таулы аймақтарында төрт құтқару бөлімшесі жұмыс істейді, онда құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Пункттер Тұйық-Су лагері аумағында, «Медеу» тау-шаңғы курортының аумағында, Үлкен Алматы шатқалы мен Шыбындысай (Бутаковка) шатқалында орналасқан», – дейді Әділхан Балтабай.
Құтқарушылар тауға шығар алдында өзімен бірге азық-түлік қорын, дәрі-дәрмек, жылы киім, ауыстыратын аяқ киім, байланыс құралдары, GPS-құрылғылар мен пауэрбанк алып жүру қажеттігін, сондай-ақ маршрут пен қайтып оралатын уақыты туралы жақындарына ескертіп отыру керектігін айтты. Қар көшкіні қаупі бар жерлер туралы өзекті ақпарат Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтында жарияланған.