2025–2026 жылғы жылыту маусымы Алматыда қалыпты режимде өтіп жатыр, қазандықтарда технологиялық ақау мен апат тіркелген жоқ, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС бас инженері Павел Леденцов осылай деп мәлімдеді. Ол жылу көздерінің жұмысы, жабдықтарды жаңғырту мен келесі жылыту маусымына дайындық туралы айтып берді.
«Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС қаладағы жылу өндіретін кәсіпорын. Жылу көзінде 86 қазандық бар. Оның ішінде тоғызы ірі қазандықтың санатына жатады, олардың қуаты сағатына 35-тен 502 Гкал-ға дейін. Қалған 77-сі шағын қазандық, олардың қуаты 0,1-ден 30 Гкал/сағ аралығында. Қазандықтар Алматының жеті ауданында орналасқан, олар тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындар мен ұйымдарды жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, кәсіпорын қаладағы жылу энергиясы мен ыстық суға деген қажеттіліктің шамамен 35 пайызын қамтамасыз етеді. Қазандықтардың жалпы орнатылған қуаты 1877,23 Гкал/сағ, негізгі отыны– табиғи газ.
Кәсіпорын қазандықтарынан 8 560 абонент жылу алады. Олардың қатарында 3 393 көпқабатты тұрғын үй, 346 жеке үй, 81 мектеп, 63 балабақша, 37 аурухана мен 4 640 өзге тұтынушы бар.
«Қала тұрғындарына жылу бергенде кідіріс болмауы керек. Жүйедегі негізгі параметрлер – қысым мен жылутасығыштың температурасы – жылу желілерінің кестелері мен өтінімдеріне сәйкес қатаң сақталады. Бүкіл маусым бойы біз жабдықтардың жай-күйін үзбей бақылаймыз. Бұл кез келген өзгеріске жедел әрекет етіп, ықтимал ақаудың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді Павел Леденцов.
Оның айтуынша, қазандықтардағы жабдықтардың жұмысы тәулік бойы бақылауда болады. Жедел қызметкерлер төрт ауысыммен жұмыс істеп, техниканың жағдайын қадағалайды. Егер бөгде шу, діріл пайда болып, температура көтеріліп, ағып кетіп жатса, жабдық тоқтатылып, жүйе резервтік қуатқа ауыстырылады. Осыдан кейін мамандар тексеріс жүргізіп, қажетті жөндеу жұмысын жасайды.
«Әр нысанда резервтік қуат көздері қарастырылған, сондықтан қажет болған жағдайда жүйені тез ауыстыра аламыз. Жабдық тоқтатылғаннан кейін мамандар мұқият қарап, ақаудың себебін жояды. Мұндай тәсіл технологиялық ақаудың қаупін барынша азайтады. Соның нәтижесінде биылғы маусымда қазандықтарда апат болған жоқ», – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар кәсіпорын 2026 жылдың жазындағы жөндеу науқанына және 2026–2027 жылдарғы келер маусымға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Қазір ағымдағы және күрделі жөндеу үшін қосалқы бөлшектер, жабдықтар, құбырлар мен ысырма арматуралары сатып алына бастады. Сондай-ақ қазандықтарды уақытша тоқтату кестесі әзірленіп, сол кезеңде қажетті жұмыстар жүргізіледі.
Бұдан бөлек, «Орманова» қазандығын қайта жаңарту жұмыстарына дайындық басталды. Мердігер ұйыммен құрылыс-монтаж жұмысын жүргізу туралы келісімшарт жасалып, қажетті жабдық сатып алынды. Құрылыс жұмысы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден басталады. Сонымен қатар «Староэлеваторская» қазандығын қайта жаңғырту бойынша құрылыс-монтаж жұмысына байқау жарияланды. Мердігер анықталғаннан кейін жобаны іске асырады.
«Жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі инфрақұрылымды жаңғыртуға тікелей байланысты екенін түсінеміз. Сондықтан біз тек ағымдағы қызмет көрсетумен ғана шектелмей, қазандықтарды жаңарту мен жаңа жобаларды әзірлеумен айналысып жатырмыз. Қазіргі уақытта тағы жиырма шағын қазандықты қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Бұл жобаларды іске асыру 2026–2028 жылға жоспарланған», – деп қосты Леденцов.
2025 жылы кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жабдықтарды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Тоғыз қазандықта 12 қазандық агрегаты ауыстырылды, төрт нысанда тоғыз жанарғы жаңартылып, он алты қазандықта 48 сорғы алмастырылды. Сонымен қатар бес нысанда 11 сыйымдылық пен бойлер жаңартылып, «Қарасу» мен «Коккинаки» шағын қазандықтары қайта жаңғыртылды. «Премьера» қазандығында түтін мұржасын ауыстыра отырып күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ алты қазандықта 12 есепке алу құрылғысы орнатылып немесе жаңартылды.
Бұдан бөлек, былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаладағы 15 шағын қазандыққа реконструкция жұмыстары жүргізілді.