Алматыда Қала күніне орай 250 орындық №17 мектеп-интернат ғимаратын сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ғимарат 1963 жылы салынған. Мұнда соңғы рет күрделі жөндеу 2000 жылдары жүргізілген. Бүгінде нысан толықтай жаңартылды.
Жоба аясында оқу және жатын корпустарының көтергіш құрылымдары күшейтіліп, шатыры, қасбеті мен ішкі бөлмелері жөнделді. Инженерлік желілер толығымен жаңартылып, өртке қарсы қорғаныс, бейнебақылау, кіруді бақылау және байланыс жүйелері жаңғыртылды.
Оқушылар үшін оқу кабинеттері, информатика кабинеті, ақпараттық-кітапхана орталығы, медициналық блок, спорт залы және 100 орындық асхана қарастырылған.
Мектеп аумағы да айтарлықтай өзгерді. 1,35 гектар аумақта баскетбол және волейбол алаңдары, әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары, мектептегі іс-шаралар өткізуге арналған алаң, демалыс аймақтары мен жүргіншілер жолдары жабдықталды. Аумақ көркейтіліп, көгалдандырылды, сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Сондай-ақ ғимаратта ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылды.
Жаңғыртудан кейін 60 жылдан астам тарихы бар мектеп жұмысын қауіпсіз әрі жайлы жағдайда жалғастырады.
№17 мектеп-интернатты жаңарту — Алматының білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі. Биыл қалада 31 білім беру нысанында жұмыстар қолға алынған. Оның ішінде жаңа мектептер мен қосымша ғимараттар салу, сондай-ақ қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту және сейсмикалық күшейту жұмыстары бар.