Алматыда ашық аспан астындағы театрды, музыканы, әлеуметтік бастамалар мен экологиялық шығармашылықты біріктірген «Панфиловтағы Жаңа жыл» қалалық жаңа жылдық фестивалі өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Бірнеше күнге созылған мереке қала тұрғындары мен қонақтары үшін жарқын эмоция мен ерекше мәдени тәжірибеге толы кеңістікке айналды.
Фестивальдің басты оқиғасы – Алматы қаласының ерекшеліктерін ескере отырып арнайы дайындалған үш метрлік қуыршақтар қатысқан «Алма мен Ата» атты бірегей көшелік театрландырылған шоу болды. Алып қуыршақ-қаһармандар актерлермен бірге мейірім, жарық пен адам жүрегінің күші туралы әсерлі оқиғаны көрермендерге ұсынды. Иммерсивті форматтағы қойылым барлық көрсетілімде көпшілік қызығушылығын тудырып, аншлагпен өтті.
«Бұл біз өмір сүріп жатқан қала, адамдар және әркім өз қолымен жасай алатын жарық туралы фестиваль. Біз Алматының шынайы болмысын – жылы, ашық және достық рухын қайта сезінгіміз келді. Қонақтардан келген кері байланыс бұл мақсаттың жүзеге асқанын көрсетті», – деп жоба тек жаңа жылдық мерекесімен шектелмейтінін айтты фестиваль продюсері Майра Измайлова.
Музыкалық бағдарлама фестивальдің жарқын бөлігіне айналды. Панфилов көшесі бойында бірнеше күн қатарынан DJ-марафон өтіп, қаланың үздік диджейлері 30 желтоқсанға дейін өнер көрсетеді. Музыка мен мерекелік атмосфера орталық көшені үлкен қалалық мейрам алаңына айналдырды.

Сонымен қатар фестиваль аясында жас музыканттар байқауы ұйымдастырылып, жаңа есімдер, жанды орындаулар мен көрермен энергиясы фестиваль сахнасын ашық шығармашылық кеңістікке айналдырды. Байқау нәтижесі 10 қаңтар күні онлайн форматта жарияланады.
27 желтоқсаннан бастап фестиваль аумағында Snow Park қысқы паркі жұмысын бастады. Бұл тау шаңғысы мен сноубордтағы фристайл әуесқойларына арналған арнайы аймақ. Snow Park 4 қаңтарға дейін күн сайын 12:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Қаланың қақ ортасында сырғанап, жаңа жылдық атмосфераны сезіну – Алматы үшін бірегей тәжірибе болды.
«Эко-шырша Алматы» аллеясы қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қайта өңделген және екінші реттік материалдардан жасалған арт-шыршалар көрмесіне open-call арқылы 30-дан астам өтінім түсіп, финалға 15 жоба өтті. Әр финалистке идеясын жүзеге асыру үшін 100000 теңге көлемінде грант берілді. Эко-шыршалар аллеясы 31 желтоқсанға дейін қала тұрғындары мен қонақтарына ашық болады. Қазылар алқасының дауыс беру нәтижесі бойынша байқау жеңімпаздары 28 желтоқсан күні анықталып, ақшалай сыйлықтар табысталды.

Фестивальдің әлеуметтік жүрегіне айналған жоба «Игі істері киіз үйі» қайырымдылық акциясы болды. Қонақтар қолдауға мұқтаж балалар мен ересектердің арманы жазылған хаттарын оқып, тілектерін орындауға мүмкіндік алды. Бұл бастама мейірім, жанашырлық және ортақ жауапкершілік сынды фестивальдің басты құндылықтарын айқын көрсетті.
«Панфиловтағы Жаңа жыл» фестивалі Алматының мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, қаладағы мерекенің жаңа форматын, әлеуметтік жауапкершілік пен экологиялық сананы біріктірген алаң ретінде есте қалды.