Алматы қаласында денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобалардың бірі – онкологиялық орталығы бар көпбейінді аурухана кешенінің құрылысы жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта нысанды іске асыруға қажетті жобалау жұмыстары жүргізіліп, құрылыс кезеңіне дайындық шаралары атқарылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2027 жылдың I тоқсанында бастау жоспарланып отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау саласындағы 21 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалау жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Қазіргі таңда үш жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Олардың қатарында онкологиялық орталығы бар көпбейінді аурухананың құрылысы, сондай-ақ Балалар қалалық оңалту орталығы мен Балалар жұқпалы аурулар ауруханасын реконструкциялау жобалары бар.
– Онкологиялық орталығы бар көпбейінді аурухана құрылысы бойынша жұмыстарды 2027 жылдың I тоқсанында бастау жоспарланып отыр. Ал екі балалар стационарын реконструкциялау жобаларын іске асыруға ағымдағы жылдың қазан айында кірісу көзделген, – деді Нұрбол Нұрсағатов.
Жаңа медициналық кешен Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесін дамытуға серпін беріп, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба заманауи медициналық инфрақұрылымды қалыптастыруға және жоғары мамандандырылған көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.