95 академиялық сағатқа есептелген бағдарлама 14 пәнді қамтиды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда жас зерттеушілерге, талдаушыларға, журналистерге, медиа маманына, қоғам мен қала өміріне арласқысы келетіндердің бәріне арналған Oi-Lab сараптамалық мектебі жұмыс істей бастады. Жобаны «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қоры шкі саясат басқармасының қолдауымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырып жатыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Oi-Lab жобасының кураторы, қоғам және саясат қайраткері, қоғамдық кеңестің мүшесі Қайрыев Рустам Абдусаламұлы осы жобаның іске қосылғанын хабарлап айтты.
Oi-Lab жай ғана білім беретін курс емес, оған қатысқандар өзін қызықтырған сұрақтан бастап, дайын сараптамалық зерттеуге дейінгі жолды меңгереді.
«Біз жас маманға сараптама, зерттеу жасап, қоғамдық пікірмен жұмыс істеп, өзін сынап көруге мүмкіндік бергіміз келеді. Бұл үшін үлкен кәсіби тәжірибенің болуы шарт емес. Ең бастысы – тақырыпқа қызығып, білім алуға ұмтылып, өз жобасымен жұмыс істегісі келсе болғаны», – деді спикер.
Оқудан жеке зерттеуге дейін
95 академиялық сағатқа есептелген бағдарлама 14 пәнді қамтиды. Олардың қатарында мемлекеттік саясат пен мемлекеттік басқару негіздері, қоғамдық-саяси аналитика, әлеуметтану, стратегиялық коммуникациялар, дағдарыстық PR, қоғамдық пікірмен жұмыс, урбанистика мен қалалық саясат та бар.
Жекелеген модульдер идеология, құндылықтар мен бірегейлік, құқықтық мәдениет пен сарапшы этикасына арналады. Сондай-ақ қатысушылар аналитика құралы мен зерттеу жұмысында жасанды интеллекттің мүмкіндігін пайдалануды меңгеріп, соған машықтанып шығады.
Бағдарламаның едәуір бөлігі практикалық бағытта өтеді. Қатысушылар нақты қалалық кейспен жұмыс істеп, зерттеу жүргізеді, деректерді талдайды, сауалнама мен сұқбат жүргізуге дағдыланады, қоғамдық пікірді зерттеп, қалалық бағдарламалардың тиімділігін бағалайды.
Ұйымдастырушылар қалалық қызметтің сапасын, қалалық бағдарламаның тиімділігін, көлік байланыстылығын, қоғамдық кеңістікті дамытуды, қалалық бірегейлікті, партисипаторлық бюджет тәжірибесі мен қала үшін өзекті басқа да мәселелерді зерттеуді ықтимал тақырып ретінде атап отыр.
Мектеп аясында кемінде 20 аналитикалық және сараптамалық материал әзірлеу жоспарланған.
Кімдер қатыса алады?
Бағдарламаға Алматыдағы жоғары оқу орнының магистранттары мен докторанттары, жас талдаушылар мен зерттеушілер, журналистер, медиа мамандары, подкастерлер, коммуникация мен PR мамандары қатысады.
Сонымен қатар мектеп осы саладағы кәсіби жолын енді бастап келе жатқан азаматтар үшін де ашық.
Оқу нәтижесінің негізгі ерекшелігінің бірі – қатысушының жеке аналитикалық немесе сараптама жобасын әзірлеуі. Жоба оқытушы мен тәлімгердің қолдауымен дайындалып, бағдарламаның соңында қорғалады.
Бұдан бөлек, түлектерге оқу аяқталғаны туралы құжат табыс етіп, мектепті тәмамдағаннан кейін де кәсіби дамуын жалғастыруға мүмкіндік беріледі.
Практик мамандар мен кәсіби орта
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Oi-Lab оқытушылар құрамына түрлі кәсіби тәжірибесі бар мамандарды – ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілерді, практик-сарапшыларды, мемлекеттік сектор өкілдерін, депутаттар мен қоғам қайраткерлерін тартып отыр екен.
Мұндай формат қатысушыларға аналитикалық құралдардың мемлекеттік саясатта, қаланың күн тәртібінде, қоғамдық үдеріс пен коммуникация саласында қалай қолданылатынын тәжірибе арқылы көруге мүмкіндік береді.
Жоба аясында TEDx форматындағы Oi-Lab Talks іс-шаралары, мектеп подкаст, ашық дәріс, пікірталас пен жоғары оқу орнында дебат өткізу жоспарланған. Түлектер өз зерттеуін көпшілікке ұсынып, кәсіби байланыс қалыптастыра алады.
Алдағы уақытта ұйымдастырушылар Oi-Lab түлектерінен қалалық сарапшылар пулын құруды жоспарлап отыр. Бұл қатысушыларға бағдарлама аяқталғаннан кейін де өзара байланыс орнатып, бірлескен жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Үздік жобаға қолдау көрсетіледі
Жобаның жеке бағыты – ең болашағы бар студенттік зерттеуді әрі қарай іске асыру.
Үздік жобаларға гранттық қолдау көрсету жоспарланып отыр. Осылайша қатысушылар тек аналитикалық материал әзірлеп қана қоймай, болашағы бар идеясын іс жүзінде жүзеге асырып көруге мүмкіндік алады.
«Oi-Lab-тың басты ерекшеліктерінің бірі – қатысушының жұмысын дайын жоба деңгейінде ғана қалдырмай, оны әрі қарай дамытуға жағдай жасағымыз келеді. Үздік жұмыстар үшін ресурс алып, идеяны іс жүзінде жүзеге асырып көруге мүмкіндік жасауды көздеп отырмыз», – дейді жоба жетекшісі.
Жобаны қорғау мен бағдарламаны аяқтағаны туралы құжатты қыркүйек айының соңына таман табыстамақшы.
Ұйымдастырушылар Алматының өзекті мәселесін тереңірек зерттеп, қоғамдық үдерісті талдауды үйренгісі келетін, идеясын аналитикалық жобаға айналдырғысы келетіндердің барлығын осыған қатысуға шақырады.
Oi-Lab – бір білім беру бағдарламасы аясында жүйелі білім, практикалық дағдылар, зерттеу тәжірибесі, тәлімгерлік пен дайын жеке жоба алуға, сондай-ақ қаланың қалыптасып келе жатқан сараптамалық қауымдастығының бір бөлігі болуға мүмкіндік беретін алаң.