Алматыда Наурыз мерекесін атап өту барысында қаланың барлық аудандарында 80-нен астам іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Қала тұрғындары мен қонақтарын отандық әртістердің концерттері, ұлттық жарыстар, театр қойылымдары мен шоулар күтеді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.
Негізгі іс-шаралар 21 наурызда сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін Панфилов, Жібек жолы және Төле би көшелерінде өтеді. Онда 50-ден астам ШСП-дер, сәулет нысандары мен қондырғылар орнатылады. Жаяу жүргіншілер көшелерінде стильдендірілген киіз үйлер тігіліп, қолөнершілердің жәрмеңкесі, мейрамханалар аллеясы, суретшілердің көрмелері мен балалар аймақтары ұйымдастырылады.
Панфилов пен Қарасай батыр көшесіндегі шағын сахнада сағат 11.00-17.00 аралығында концерттік бағдарламамен П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері, балалар шығармашылық ұжымдары, диджейлер мен интерактивтер, Диана Шарапова мектебі және Мұрат Мұтұрғанов өз өнерлерін көрсетеді.
Жібек жолы көшесіндегі сахнада сағат 11.00-17.00 аралығында «Алматы әуендері», «Бозторғай» халықаралық балалар фестивалі концерттік бағдарламасын ұсынса, диджейлер мен интерактивтер және шығармашыл жастар өз өнерлерін көрсетеді.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда сағат 12.00-ден 17.00-ге дейін концерттік бағдарлама, ұлттық дәстүрлер көрсетілімі ұйымдастырылады, сағат 16.00-ден кешкі концерт басталады.
Қаламыздың негізгі концерті 21 наурыз күні сағат 12.00-де ҚБТУ ғимараты алдындағы «Астана» алаңында өтеді. Көрермендерге қазақ мәдениетінің өзіндік ерекшелігін көрсететін барабандар, дауылпаздар мен қобыздарды қолдана отырып, театрландырылған шоу ұсынылады.
Осы іс-шара үшін арнайы заманауи өңдеуде музыкалық этно-фольклорлық композиция жазылды. Мерекелік концертке барлығы 500-ден астам әртіс қатысады. Сонымен қатар, сахнада 100-ден астам адам өнер көрсетеді.
Қойылымда Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Жәмилә Серкебаева, Рухия Байдүкенова, Тамара Асар, Парвиз Назаров, Ситора, Дильназ Ахмадиева, Диана Шарапова, ДинаЯ, Ардақ Балажанова, Айгүл Елшібаева, Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқали, Ерболат Чалдыбеков, Ардақ Балажанова, Әли Оқапов, «KeshYou», «Блокбастер» шоу-балеті, домбырашылар ансамблі, «Салтанат» би ансамблі, «Сарын» тобы, «Filigram» шекті аспаптар квартеті, т.б. қатысады.
Театр қойылымдарымен қатар ретромотивтер, сондай-ақ заманауи композициялар ұсынылады. «Бозторғай» балалар хоры Наурыз мейрамына арнайы жазылған қазақ және орыс тілдерінде «Бейбітшілік бүкіл әлемде» («Мир всем мире») әнін орындайды.
21-22 наурызда Ғылым академиясы ғимаратының алдындағы алаңда «Қазақ әуендері» АҚ Нұр-Сұлтан қаласы әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырады.
Сонымен қатар, мерекелік концерттер қаланың әр ауданында өтеді:
- Алмалы ауданында 22 наурыз күні сағат 12.00-17.00 аралығында М. Ганди атындағы паркте;
- Әуезов ауданында 21 наурызда сағат 11.00-15.00 аралығында Әуезов ауданы әкімдігінің алдындағы алаңда;
- Алатау ауданында 22 наурызда сағат 11.00-14.00 аралығында «Алатау» ДӨТ алдындағы алаңда;
- Бостандық ауданында 21 наурыз күні сағат 11.00-13.00 аралығында «MEGA Centеr» СОО амфитеатрында;
- Жетісу ауданында 21 наурыз күні сағат 11.00-14.00 аралығында «Гүлдер» саябағында;
- Медеу ауданында «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» бағдарламасы 20 наурыз күні сағат 11.00-15.00 аралығында ҚР Ғылым академиясының алдындағы алаңда;
- Түрксіб ауданында – «Көктем шақырады» бағдарламасы 20 наурыз күні сағат 12.00-15.00 аралығында С. Сейфуллин атындағы паркте;
- Наурызбай ауданында 21 наурызда сағат 11.00-15.00 аралығында Абай даңғылында (Алатау көшесінен Тараз көшесіне дейін).
Әкімдік мереке кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін күшейтілген режим қабылданатынын атап өтеді. Қала көшелерінде мерекелік іс-шаралар барысында қажет болған жағдайда құқық қорғау органдары тексерулер жүргізеді, оның ішінде тыйым салынған заттарды алып жүруді анықтау мақсаты да бар.
Қала тұрғындары мен мегаполис қонақтарынан қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауды сұраймыз.