Музыкалық кеш отандық және әлемдік кино өнерінің танымал туындыларын ұлттық аспаптардың үнімен сабақтастырып, көрерменге кино музыкасын жаңа қырынан таныстырды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласындағы Almaty Theatre сахнасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің «Cinema Hits» концерттік жобасы өтті.
Концерт бағдарламасына қазақстандық және шетелдік фильмдер мен телехикаялардан кеңінен танылған музыкалық шығармалар енді. Оркестр орындауында «Көшпенділер», «Мұстафа Шоқай», «Перекрёсток» фильмдерінің әуендерімен қатар, әлемдік кинематографияның көрнекті туындылары саналатын «Гладиатор», «Темір адам», «Кек алушылар», «Формула-1», «Хатико» фильмдері мен «Спрут» телехикаясының музыкалық тақырыптары орындалды. Түрлі жанрдағы шығармалардың ұлттық аспаптар арқылы жаңаша үндестік табуы концерттің көркемдік мазмұнын байыта түсті.
Кештің ерекше бөлімдерінің бірі қазақ кино өнерінің көрнекті өкілдеріне арналды. Режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл және актриса Меруерт Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына орай қазақ киносының алтын қорына енген «Қыз Жібек» және «Менің атым Қожа» фильмдеріндегі музыкалық шығармалар орындалды. Бұл туындылар ұлттық кино өнерінің рухани мұрасын дәріптеп, көрерменге отандық кинематографияның көркемдік құндылықтарын қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді.
Концертке танымал әнші Карина Абдуллина, Ұшқын Жамалбек, «Овощи и фрукты» тобы, П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттер хоры, Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлері және «Sarmat» хореографиялық ансамблі қатысты. Оркестрдің орындаушылық шеберлігі мен шығармашылық ұжымдардың сахналық өнері өзара үйлесім тауып, музыкалық кештің мазмұнын толықтырды.
«Cinema Hits» жобасы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің шығармашылық ізденістерін, ұлттық аспаптардың орындаушылық мүмкіндіктерін және дәстүрлі өнердің заманауи мәдени кеңістікпен сабақтастығын көрсетті. Жоба аясында әртүрлі жанрдағы музыкалық шығармалар ұлттық оркестрдің өзіндік үндік ерекшелігімен жаңаша интерпретацияланып, тыңдарман назарына ұсынылды.
Концерт ұлттық музыкалық өнердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, қазақтың дәстүрлі аспаптарының бай үнін жаңа буын тыңдарманға жақындатуға бағытталған шығармашылық бастамалардың маңызын көрсетті. «Cinema Hits» ұлттық өнер мен әлемдік кино музыкасын тоғыстырып, оркестрлік орындаушылықтың жаңа қырларын танытқан мазмұнды музыкалық жоба болды.