Аягүл Миразованың атындағы I Республикалық математика олимпиадасының жеңімпаздары белгілі болды
Кеше Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында А. Миразова атындағы алғашқы математика олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. 23-27 сәуір аралығында өткен жарысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 8-9 сыныптың 250-ден астам оқушысы қатысты. Математикадан үздіктерді анықтау тартысы мегаполистің Алатау ауданындағы №178 мамандандырылған лицей қабырғасында өтті.
Олимпиада күндері қатысушылар үшін спорттық ойындар, психологиялық тренингтер ұйымдастырылып, Көк-төбе мәдениет және демалыс саябағына, Алматы хайуанаттар бағына және ҚР Орталық мемлекеттік музейіне экскурсиялар өткізілді.
Олимпиаданы ұйымдастырушылар – Алматы қаласы Білім басқармасы, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы Дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау орталығы олимпиаданы жоғары деңгейде өткізуге мұқият дайындалды. Ашықтық пен академиялық адалдықты сақтау мақсатында олимпиада барысы онлайн бақылауға арналған бейнебақылау жүйесімен қамтылды. Олимпиаданың өту барысын тәжірибелі қазылар алқасы, ата-аналар комитетінің өкілдері мен журналистер бақылады. Олимпиада аяқталғаннан кейін қатысушылардың хаттамалары, тапсырмалар және шешімдері ұйымдастырушының almaty.daryny.kz – ресми сайтында жарияланды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Алматы қаласы Білім басқармасының I, II және III дәрежелі дипломдарымен және Аягүл Тореева атынан берілген ақшалай сертификаттармен марапатталды. Бірінші орынды жеңіп алған бес оқушы Яндекс Станция Макс колонкаларын, медальдар және 150 000 теңгелік сертификаттарға ие болды. Екінші орын алған тағы бес оқушы Samsung Galaxy A15 смартфондарын, медальдар және 100 000 теңгелік сертификаттарды алды. Үшінші орын алған жеті оқушы Xiaomi Redmi 14 смартфондарымен, медальдар және 50 000 теңгелік сертификаттармен марапатталды. Бұдан бөлек, ерекше жетістіктер көрсеткен 10 оқушы арнайы грамоталар мен портативті проекторларға ие болды.
Сонымен, Аягүл Миразова атындағы алғашқы математика олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
I орын
Эрик Лим (РФММ), Нұртай Мәлік (Ақтөбе), Александр Олейников (Алматы), Ануар Ағыбаев (Алматы), Айсұлтан Омар (Алматы);
II орын
Әбілмансұр Хакимғали (РФММ), Бексұлтан Мәулітбек (Алматы), Арнат Ернар (Ақтөбе облысы), Әмірхан Құдайбергенов (Алматы), Исламбек Барлық (Ақтөбе облысы);
III орын
Нұрдәулет Өмірқожа (РФММ), Темір Оразбек (РФММ), Расұл Жәкешев (НИШ), Медеу Жұбатұров (Маңғыстау облысы), Ерқанат Оңал (Қарағанды облысы), Денис Ким (РФММ), Базаралы Абдулла (Шымкент).
Арнайы грамоталар иегерлері:
Ахмет Бердімурат (Ақтөбе), Абзал Күнғожин (РФММ), Айзере Бисенова (РФММ), Әлмансұр Күшебин (Қарағанды облысы), Бекжан Молдабеков (Астана), Абдурахман Айдайбек (Жамбыл облысы), Әли Марат (Атырау облысы), Анвар Камалеев (РФММ), Бексан Алтай (РФММ), Ерасыл Мағауия (Алматы).
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова республикалық математика олимпиадасының сәтті өтуіне үлес қосқан ұстаздарға өз атынан алғыс хаттар табыстады.
Әсем Нүсіпова өз сөзінде былай деді:
«Олимпиаданың басты мақсаты – дарынды балаларды қолдау және олардың негізгі пәндерге деген қызығушылығын арттыру. Бұл арқылы оларды интеллектуалдық даму жолына бағыттаймыз және болашақта алған білімдерін ел мен қала игілігіне қолдануына мүмкіндік береміз. Алда балалар үшін түрлі турнирлер мен байқаулар, соның ішінде 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай қорытындылары шығарылатын «Bala Fest» фестивалі күтіп тұр. Әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау балалардың білімге деген ынтасын арттыра түседі».
Өз кезегінде «Алматы Дарыны» орталығының директоры Гульнур Каримгажы өз әсерімен бөлісті:
«Біз осындай ауқымды әрі маңызды шараны ұйымдастыра алғанымызды мақтан тұтамыз. Бұл олимпиада – көрнекті педагогқа көрсетілген құрмет әрі оқушыларды үлкен жетістіктерге ұмтылысының қуатты құралы. Әрбір қатысушы, нәтижесіне қарамастан, өзінің болашақ табысына қарай маңызды қадам жасады деп сенеміз. Жас таланттарды қолдау арқылы біз қоғамымыздың және еліміздің гүлденуінің берік іргетасын қалаймыз»
Айта кету керек, Қазақстанның алғашқы Еңбек Ері – Аягүл Миразова көптеген мәртебелі марапаттардың иегері. Олардың қатарында – «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордендері бар. Аягүл Тореева – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Педагогикалық ғылымдар академиясының және Ұлттық құндылықтар академиясының академигі, Семей гуманитарлық университетінің және Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Алматы қаласының, Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті азаматы. Аягүл Миразова 7, 8 және 9 сыныптарға арналған оқулықтардың авторы. Жақында, 24 сәуір күні Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназиясында ұлы педагогтың атымен аталған математика кабинеті салтанатты түрде ашылды. Отбасымыздың отандық білім беру саласына қосқан өлшеусіз үлесі және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі ұйымдастырушыларды осындай маңызды республикалық олимпиаданы өткізуге және оған Аягүл Тореева атын беруге шабыттандырды.