Жамбыл атындағы филармония 90 жылдығын халықаралық жобамен кең ауқымда атап өтпек
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында 90 жылдық мерейтойға орай бір жылдың ішінде 195 концерт өткелі отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен пресс-конференцияда жан-жақты айтылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Филармонияның директоры Ақан Абдуалиевтың айтуынша, бұл мерейтой – еліміздің үлкен саз сахнасындағы тарихи сабақтастықты ғана көрсетіп қоймай, мәдени түрде жаңғырып жатқанын да паш етпек.
«90 жылдық мерейтой — кез келген мәдениет ошағының арғы-бергі тарихындағы ауыз толтырып айтатындай уақыт. Ғасырға татитын тарихы бар Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы ұлттық музыка мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қазақ өнерінің алтын қазығы іспетті. Мерейтойдың аясында өтетін концерттер, әртүрлі іс-шаралар қаланың мәдени өміріндегі тың жаңалық болады деп үміттенеміз», – деді Ақан Абдуалиев.
Жыл басынан бері филармония балалар үйінде, қарттар орталығы мен ерекше балаларға арналған басқа да мекемелерде қайырымдылық мақсатындағы осындай бірнеше концерт өткізіп үлгеріпті.
Ұрпақ сабақтастығы жобасының аясында қаңтар айынан бері қаладағы музыкалық оқу орындарының студенттерімен, оқушыларымен бірлесіп концерт те өткізіп жатыр. Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері мен О. Таңсықбаев атындағы сәндік және қолданбалы өнер колледжінің студенттері қатысқан «Филармония – жас суретшілердің көзімен» деп аталатын көркем пленэр соның бірі.
- Филармония мен Б. Байқадамов атындағы Хор капелласының 90 жылдығы мен Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығынан суретшілер де қалыс қалмады. Олардың қолынан шыққан картиналар филармонияның тура кіреберісіне қойылды.
- Б. Байқадамов атындағы Хор капелласы ұйымдастырған «Гүл Алматы. Flower City» деп аталған фестиваль-концерт ерекше оқиғаның бірі болды. Филармонияның 90 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығында фестиваль алғаш рет балалар мен жасөспірімдердің хор ұжымының басын қосты.
- Балалар мен жастар жағы да назардан тыс қалған жоқ. 1 маусым күні қалада жас әртістер қатысқан үлкен концерт болып өтті. Оқушыларды академиялық музыкаға тартуды көздейтін мұндай танымдық концерттерді жылдың соңына дейін үзбей өткізбек. Қазір 2025 жылғы іс-шараға мектептер мен ата-аналар ұйымынан көп өтініш келіп түскен.
Шетелде білім алып қайтқан қазақстандық жас әншілер XX ғасырдағы композиторлардың симфониялық шығармасын орындайтын «XX–25» фестивалі маусым айындағы ең қызықты сәт. Т. Әбдірашев атындағы ҚР мемлекеттік академиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қанат Омаров фестивальдің концепциясы туралы былай дейді:
«Фестиваль көпшілікке XX ғасыр мен қазіргі кездегі композиторлардың симфониялық шығармасын ұсынып, өткен жүзжылдықтағы көркемдік ізденістер мен идеялардың әлі де өзекті екенін атап өтпек. Шетелде оқып, сол жақта жұмыс істеп жатқан қазақстандық жас музыканттардың осы іс-шараға келіп қатысқалы отырғаны да өз алдына бір жаңалық. Олар халықаралық аренада танылып, енді ел ішінде өнер көрсетіп, жас музыканттарға тәлім беру үшін біртіндеп елге оралып жатыр», – деп атап өтті Қанат Омаров.
Фестивальді 6 маусым күні скрипкашы, халықаралық байқаулардың лауреаты Меруерт Кәрменова (Бельгия) ашпақ. Одан кейін пианистер Ботагөз Айғалқаева мен Алияр Өтетілеу өнер көрсетеді. Осылайша, 21 маусымға дейін XX ғасырдағы симфониялық шығармаларды қазақстандық өнерпаздар ерекше нақышпен орындап шығатын бірнеше концерт өтеді.
Ақан Абдуалиевтың айтуынша, филармония жыл сайын Қала күніне арнап әртүрлі алаңда үш күндік концерт өткізіп тұрады. Мұндай іс-шаралар Алматының мәдени өмірін түрлендіріп, қала тұрғындары да оны ерекше ықыласпен қабылдайды.
Қыркүйек айында отандық және шетелдік музыканттар келіп қатысатын 90-шы концерт маусымы басталады. Қонақтардың арасында – Айман Мұсаходжаева, Жәния Әубәкірова, дирижер Кристоф Мангу (Франция), композитор Риккардо Пьячентини (Италия), Диан Чобанов (Болгария) мен басқалары болмақ. Биыл өнер көрсетіп үлгерген әртістердің қатарында Алексей Пузаков (Ресей), Таир Бейшеев (Қырғызстан), Айдар Торыбаев (Украина), Ержан Құлыбаев та (Испания) бар.
Қараша айында Республика сарайында филармонияның 341 әртісі қатысатын үлкен гала-концерт өтеді. Бұдан бөлек, әр ұжым мен филармонияның солистеріне арналған 60 минуттық винил пластинкасы қойылып, мекеменің тарихын баяндайтын кітаптың тұсауы кесілмек.
Филармония Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығын, композитор Әбілахат Есбаевтың 100 жылдығын, Евгений Брусиловский мен ақын Тұманбай Молдағалиевтің 120 жылдығын да ескерусіз қалдырған жоқ. Оларға да концерт арнамақ.
«Осылайша, филармонияның 2025 жылғы концерттері Қазақстанның мәдени өміріне тың жаңалық алып келгелі отыр. Көрнекті қайраткерлердің мерейтойымен шектеліп қалмай, оларды тарихтан тәлім алу үшін Жеңістің 80 жылдығына да арнап отыр. Осындай фестивальдар, балалардың өнері мен кәсіби мамандардың концерті арқылы филармония өнер мен мәдениеттің дамуына өзінше үлес қоса бермек», – деп аяқтады өз сөзін Ақан Абдуалиев.
Алматылықтар мен қаланың талғампаз қонақтарын мерейтойға арналған осындай айтулы іс-шараға келіп қатысуға шақырды.