Алматыда көлік инфрақұрылымы нысандарының бірінде жоспарлы антитеррорлық оқу-жаттығу өткізілді. Іс-шара барысында мемлекеттік органдар мен арнайы қызметтердің ықтимал террористік қауіпке қарсы бірлескен әрекеті пысықталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – терроризм қаупінің алдын алу және ықтимал шабуылдың жолын кесу бойынша практикалық дағдыларды жетілдіру.
Жаттығу кезінде мемлекеттік органдар мен арнайы қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмдері тексеріліп, төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет ету тәсілдері пысықталды.
Полицияның хабарлауынша, оқу-жаттығуға қатысқан барлық бөлімше қойылған міндеттерді ойдағыдай орындаған. Іс-шара арнайы қызметтердің үйлесімді жұмыс істеу деңгейін және штаттан тыс жағдайларға дайындық дәрежесін бағалауға мүмкіндік берген.