Бағдарламаның маңызды бөлігі практикалық оқытуға арналған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда 23-25 қыркүйек аралығында Өсімдік питомниктері жөніндегі Орталық Азия қауымдастығының (ӨПЖОА) IV конференциясы және Green Spaces Expo 2026 халықаралық көрмесі өтуде. Іс-шараның ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев қатысты.
Конференцияға қалалық әкімдіктердің, өсімдік питомниктері мен бау-бақша орталықтарының өкілдері, сәулетшілер, урбанистер, ландшафт саласының мамандары, ғалымдар және түрлі елдерден келген компаниялар қатысуда. Биыл көрмеге 15 елден 80-нен астам экспонент қатысып отыр. Көрме өсімдік питомниктері, көгалдандыру, сондай-ақ қоғамдық және жеке кеңістіктерді абаттандыру мәселелеріне арналған.
Алматы үшін мұндай іс-шараны өткізу қалалық ортаны дамыту бағытында тәжірибе алмасуға және заманауи шешімдермен танысуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында жасыл аймақтарды жобалау және күтіп ұстау, климаттық жағдайларды ескере отырып өсімдіктерді таңдау, суару жүйелері мен жаңбыр суын сақтау, сондай-ақ тұрақты қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру тәсілдері талқылануда.

Бағдарламаның маңызды бөлігі практикалық оқытуға арналған. Қаланы көгалдандыруды басқару саласындағы мамандар үшін қарқынды оқыту курстары мен семинарлар ұйымдастырылып, онда мердігерлермен жұмыс істеу, отырғызу материалдарын таңдау, өсімдіктерді отырғызу және күтіп-баптау, сондай-ақ орындалған жұмыстардың сапасын бақылау мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар «Ашық микрофон» форматы ұйымдастырылған. Екі сағаттық сессия барысында қатысушылар жетекші сарапшыларға сұрақ қойып, саладағы нақты тәжірибелік кейстерді талқылай алады.
Конференциямен қатар «Атакент» КІБС аумағында Green Spaces Expo 2026 халықаралық көрмесі өтуде. Мұнда Қазақстан, Ресей, Германия, Нидерланд, Польша, Бельгия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және басқа да елдерден келген питомниктер мен өндірушілер өз өнімдері мен шешімдерін таныстыруда.
Бағдарламаның қорытындысы 25 қыркүйекте өтетін Green Expert практикалық күнімен аяқталады. Қатысушылар Алматыдағы жүзеге асырылған қалалық көгалдандыру нысандарын, Бас ботаникалық бақты аралап, жасыл желектерді күтіп-баптау бойынша шеберлік сабақтарына қатысады.
Конференция Алматы қаласы, Тимирязев көшесі, 42, 1 корпус мекенжайындағы «Атакент» КІБС-тің «Бақшасарай» қабылдау үйінде өтуде.