Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жол-көлік оқиғаларының статистикасын жариялап, жолдардағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Спикердің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері Алматыда 3 869 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркеліп, соның салдарынан 4 211 адам зардап шеккен. Апаттардың басты себебі қаланың көлік қозғалысының қарқындылығы: бүгінгі күні Алматыда 650 889 автомобиль тіркелген, ал мегаполиске күн сайын өңірлерден 550 000-ға дейін көлік кіреді.
Мопедтер мен электр скутерлер сияқты баламалы көлік түрлерінің қатысуымен ЖКО санының артуы алаңдатарлық жайт.
Полиция мәліметінше:
- Мопедтердің қатысуымен 743 ЖКО орын алып, 757 адам жарақаттанып, 14 адам қаза тапты.
- Электр скутерлерінің қатысуымен 103 ЖКО тіркеліп, 109 адам жарақат алған. Қаза тапқандар жоқ.
- Мотоциклдердің қатысуымен 19 апат тіркеліп, 19 адам жарақаттанып, 2 адам қаза болған.
Салтанат Әзірбек мопедшілер мен скутерлерді бақылауды күшейту үшін күнделікті рейд жүргізетін 8 мотоцикл экипажының патрульдік қызмет атқаратынын атап өтті. Жыл басынан бері 31 894 мопед жүргізушісі және 28 762 скутер пайдаланушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды мопед пен скутер жүргізуге рұқсат еткені үшін 113 ата-анаға қатысты шаралар қабылданған.
"Жыл басынан бері Алматыда 3 420 483 жол қозғалысы ережесі бұзылған. Мас күйінде көлік басқарғаны үшін 1 890 жүргізуші ұсталды, 2 846 адам жүргізуші куәлігінен айырылды, ал 6 000-нан астам көлік, оның ішінде 1 700 мопед арнайы тұраққа қойылды", — деп қорытындылады Алматы ПД өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, 3 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мопед иелерін жүргізуші куәлігін алуға және көліктерін тіркеуге міндеттейтін заңға қол қойған болатын. Бұл шаралар жол қауіпсіздігін арттыруға және мопедтердің қатысуымен болатын ЖКО санын азайтуға бағытталған.
Мопедтерді тіркеу үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:
- Жеке куәлік (немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы электрондық түрде);
- Салық кодексінің 553 және 615-баптарына сәйкес тіркеу алымы мен мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжаттар;
- Мопедтің техникалық құжаты немесе ашық көздерден алынған техникалық сипаттамалары туралы ақпарат;
- Меншік иесінің өтініші;
- Көлік құралын тексеру актісі.
Егер мопед рамасының нөмірі болмаса, сәйкестендіру нөмірін тіркеуге дейін уәкілетті орган мопед иесінің өтініші бойынша береді.