Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жауынгер жолдастары – интернационалист-жауынгерлердің қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.
Ардагерлер кеңес әскерлері Ауғанстаннан шығарылған 15 ақпан күні қандай шаралар өтетінін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Алдағы дата – Ауғанстан ардагерлерінің де мерекесі, қаза болған барлық интернационалист-жауынгерлерді еске алу және аза тұту күні. Бұл датаның маңызы зор, антқа, қызметке адалдықты, өз елінің мүддесін қорғауда өмірлерін қиған, берген сарбаздар мен офицерлердің майдандағы бауырластығын, антқа адалдығын көрсетеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сөз сөйлеген Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Абдушүкіров биыл Ауғанстаннан әскерлердің шығарылғанына 34 жыл толатынын атап өтті. Айта кетейік, шақырылған қонақ 18 жасында Алматы қаласынан шақырылған, ол Баграм провинциясында әскери борыныш өтеген, Кабулда болған. Демобилизациядан кейін Ішкі істер министрлігінің Жоғары мектебін бітіріп, кейін полицияда қызмет етті. 20 жыл бойы қоғамдық жұмыстармен айналысып, Ауғанстан және басқа да жергілікті соғыстар ардагерлері кеңесін басқарды.
«Ауған соғысына 22 296 қазақстандық қатысты, оның 928-і қаза тапты, мыңдаған жігіт мүгедек болып оралды, 19-ы із-түзсіз жоғалып кеткен. Бес жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры, біреуі Халық қаһарманы, екеуі «Айбын» орденінің иегері атанды. Мыңдаған жігіт Тәуелсіз Қазақстанның наградаларымен марапатталды және мұның бәрі бізге сол соғысты, өзінің әскери, азаматтық борышын абыроймен атқарған адамдарды ұмытуға құқық бермейді», - дейді М.Абдушүкіров.
Өз сөзінде Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы алда келе жатқан атаулы күнге жоспарланған іс-шараларға тоқталды.
«Қазір Алматының барлық мектептерінде «Ерлік сабақтары», спорттық жарыстар, командалық кездесулер өтуде. 15 ақпанда 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында аталарымыз бен әкелерімізді еске алып, мәңгілік алауға гүл қою рәсімі өтеді. Сондай-ақ Ауғанстанда қаза тапқан алматылықтардың ескерткішіне гүл шоқтарын қоямыз», - деді М.Абдушүкіров.
Айта кетейік, Ауғанстандағы соғыста Алматының 119 тұрғыны қаза тапқан. Сондай-ақ спикер осыдан үш жыл бұрын Үкімет қаулысымен 15 ақпанның атаулы мерекелер тізіміне енгізілгенін еске салды.
Есте қаларлық оқиға туралы ардагер – Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары Байкал Хамзин айтты.
«Соғысты бастау оңай, бірақ аяқтау өте қиын. Өкінішке орай, біздің ұрпаққа ауыр тағдыр түсті, қиын кезең болды. Құндылыққа ұмтылатын кез келген мемлекет өзінің өткеніне сүйену керек. Қазір Ауған соғысының төңірегінде дау көп, бұл өте күрделі мәселе. Мен Ауғанстан тарихын мұқият зерттедім. Бұл 1979 жылы басталған жоқ, қақтығыс ағылшындар Ауғанстаннан кеткен кезде басталды. Осы уақытқа дейін Ауғанстан мен Пәкістан территориясындағы Дюранд желісінің бойындағы бұл қақтығыс әлі де бар. Өкінішке орай, қақтығыс жалғасуда», - деді Б.Хамзин.
Байкал Хамзин алдағы уақытта Ауғанстандағы оқиғаларға елімізде құқықтық баға берілетініне сенім білдірді.
Брифингке тағы бір қатысушы, соғыс қимылдарына да қатысқан «Көк байрақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуез Бейсенбаев болашақ ұрпақ тарихқа бет бұру керектігін атап өтті. Ауған соғысының ардагерлері Тәуелсіз Қазақстанның құрылуына үлес қосты. Олардың есімдері көптеген салаларда белгілі: денсаулық сақтау, білім беру, Ішкі істер министрлігіндегі қызмет.
«Бұл дата басынан өткен қиындықтарды еске алып, оларды әңгімелеп беруде, әріптестермен кездесуде маңызды. Жауынгерлер әскери борышын бұйрық үшін емес, Отан алдындағы борышын өтеу үшін атқарды. Бүгінде ардагерлердің алдында шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Медициналық көмек пен емделу жағына келсек, 15 жылдан бері баспана күтіп, ала алмай жүрген ардагерлер де бар», – дейді А.Бейсенбаев.
Ардагерлер жиынына «Біздің үй Қазақстан» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Ақбөпе Әбілқасымова қатысып, интернационалист-жауынгерлердің барлығы 18 жастағы бозбалалар ретінде соғысқа аттанғанын тілге тиек етті.
«Олар Отан алдындағы борышын адал өтеу үшін кетті. Ал Отаны ауған соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпауы керек. Ардагерлер - жастарымыз үшін ерліктің үлгісі, қажыр-қайраттың үлгісі, нағыз отаншылдықтың үлгісі. Біз бұл соғысты есте сақтауымыз керек. Біз оны ұмыта алмаймыз. Бүгінде көптеген ардагерлеріміздің жасы 60-қа жақын және олардың көбі 30 жылдан бері баспана кезегінде тұрғанын білесіздер. Қазіргі уақытта мемлекеттің басты міндеті – оларға қолдау көрсету», - деді А.Әбілқасымова ауғандықтарды қолдады.
Ол қаңтар оқиғасы кезінде қалаға көмек көрсету штабын ұйымдастырған, Конституциямыз бен мемлекеттілікті қорғау мақсатында «Қазақстан біздің шаңырағымыз» қозғалысын ұйымдастырған жауынгер-интернационалистер екенін еске салды. Ауған соғысының қарусыз ардагерлері Алматының ауруханаларын, 28 панфиловшылар саябағын күзетіп тұрды.
«Ауған соғысы – бейбітшілікті бағалау керектігін еске салады!» - деп түйіндеді А.Әбілқасымова.