Университеттер Президент айқындаған өзгерістердің белсенді қатысушысына айналуы тиіс, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда жоғары оқу орындарының проректорлары Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазанда жарияланған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын талқылады. Кездесуде жаңа экономикаға қажетті мамандар даярлау, ғылымды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және қаланың өзекті мәселелерін шешуге университеттердің қатысуы басты назарға алынды.
Талқылау Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбектің қаладағы жоғары оқу орындарының проректорларымен және өкілдерімен кездесуінде өтті. Қатысушылар Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарды жоғары білім беру жүйесінде жүзеге асыру жолдарын және қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін қажетті өзгерістерді қарастырды.
Жолдаудағы негізгі басымдықтардың бірі инфрақұрылымды, энергетиканы, цифрлық экономиканы және жоғары технологиялық салаларды дамыту болды. Бұл бағыттар инвестициялар мен жаңа өндірістік қуаттарды ғана емес, заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын, инновацияларды енгізіп, нақты шешімдер ұсына алатын білікті кадрларды да талап етеді.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек атап өткендей, университеттер Президент айқындаған өзгерістердің белсенді қатысушысына айналуы тиіс.
«Бүгінде жоғары оқу орындарының алдында дәстүрлі білім беру үдерісінің шеңберінен шығатын маңызды міндеттер тұр. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды жаңғырту, энергетиканы дамыту, экономиканы цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты басымдықтарды белгіледі. Оларды жүзеге асыру үшін елімізге білікті инженерлер, IT мамандары, зерттеушілер мен басқарушы кадрлар қажет. Сондықтан университеттер үшін тек түлектерді даярлау ғана емес, білім беру бағдарламаларын экономиканың нақты қажеттіліктеріне сәйкес қалыптастыру, қолданбалы ғылымды дамыту және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту маңызды», – деді Азиз Кажденбек.
Кездесуге қатысушылар ғылым мен өндірісті ықпалдастыру мәселелеріне де ерекше назар аударды. Білім беру саласы өкілдерінің пікірінше, университеттерде жүргізілетін ғылыми зерттеулер тәжірибеде қолданылуы тиіс, ал студенттер оқу барысында нақты жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болуы қажет.
Талқылауға қаланың жетекші жоғары оқу орындарының, оның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің және басқа да жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Президент айқындаған міндеттер инженерлік кадрларды даярлайтын техникалық университеттер үшін ерекше өзекті.
«Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту және энергетиканы дамыту заманауи инженерлік құзыреттерге ие мамандарды қажет етеді. Студенттердің тек теориялық білім алып қана қоймай, қолданбалы зерттеулерге қатысуы, жаңа технологиялармен жұмыс істеуі және өндірістің нақты міндеттерін түсінуі маңызды. Дәл осындай даярлық жас мамандардың ел дамуына нақты үлес қосуына мүмкіндік береді», – деді Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Сапар Шалабаев.
Талқылаудың тағы бір маңызды тақырыбы цифрлық трансформация болды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында цифрлық шешімдерді формалды түрде енгізуден нақты экономикалық және қоғамдық нәтиже беретін технологияларға көшу қажеттігін атап өтті. Университеттер үшін бұл тек болашақ бағдарламашылардың ғана емес, барлық мамандық студенттерінің цифрлық құзыреттерін дамыту қажеттігін білдіреді.
«Жасанды интеллект қазірдің өзінде барлық дерлік саладағы мамандарға қойылатын талаптарды өзгертіп жатыр. Сондықтан университеттердің міндеті – студенттерге цифрлық құралдарды пайдалануды ғана емес, өздерінің технологиялық шешімдерін әзірлеуді, ақпаратпен сыни тұрғыдан жұмыс істеуді және алған білімдерін тәжірибеде қолдануды үйрету. Бұл ретте білім, ғылым және бизнес арасындағы өзара іс-қимыл маңызды рөл атқарады», – деп толықтырды Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің проректоры Нұржан Дүзбаев.
Азиз Кажденбек Алматы үшін университеттер мен қалалық құрылымдардың өзара ынтымақтастығы ерекше маңызға ие екенін де атап өтті. Бүгінде мегаполисте 36 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оларда 238 225 студент білім алуда. Оның ішінде 158 мыңға жуық студент Қазақстанның басқа өңірлерінен келген.
«Алматының білім беру және зияткерлік әлеуеті өте жоғары. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполисті дамыту барысында жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты біздің ортақ міндетіміз – жастардың білімі, бастамалары мен ғылыми әзірлемелері қаланың дамуына үлес қосатындай жағдай жасау. Ол үшін жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен байланысын нығайту, өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейту, қолданбалы зерттеулерді қолдау және түлектерді жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аудару қажет», – деп атап өтті Басқарма басшысы.
Президент Жолдауын талқылаумен қатар, кеңесте студент жастармен жұмысты ұйымдастыру, жатақханаларда тұратын басқа өңірлерден келген студенттерді тіркеу, сондай-ақ алдағы мерекелік күндер мен қысқы демалыс кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша университеттер, жұмыс берушілер және қалалық құрылымдар арасында жүйелі ынтымақтастық орнату қажеттігіне ерекше назар аударылды. Негізгі мақсат – Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарды іс жүзінде жүзеге асыру, мамандар даярлау сапасын арттыру және жастардың Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту.