Өңірлік коммуникациялар қызметінде этнограф, экскурсия жетекшісі Оралбек Кәрім жас ұрпаққа неліктен дәстүрдің сыртқы көрінісімен қатар мазмұнын да қатар жеткізу керек екенін баяндап берді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қазақтың салт-дәстүрінің көбі сақталып қалғанымен, кейбірі бастапқы мазмұнын жоғалтып, сыртқы формасы ғана қалыпты.
«Дәстүр – тек сыртқы атрибут пен мерекелік рәсім ғана емес. Әр салттың астарында халықтың дүниетанымы, үлкенге құрмет, отбасылық құндылық пен тарихи жады жатыр. Егер біз дәстүрдің тек сыртқы пішінін сақтап, мазмұнын ұмытсақ, ол өзінің тәрбиелік мәнін жоғалтады», – деді спикер.
Спикер «салт» пен «дәстүр» ұғымдарының жиі бірге қолданылғанымен, олардың мағынасы әртүрлі екеніне тоқталды. Оның айтуынша, салт – жеке адам мен қоғамның өмір салтына, мінез-құлық нормасына қатысты ұғым болса, дәстүр – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халықтың мәдени негізін қалыптастыратын қоғамдық құндылық пен дүниетанымның кең жүйесі.
Этнографтың айтуынша, қазақтың салт-дәстүрі ғасырлар бойы көшпелі өмір салтының, шаруашылық пен қоғамдық қатынастың ықпалымен қалыптасты. Үлкенді құрметтеу, қонақжайлық, өзара көмек пен қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты құндылықтар ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Қоғамдық бірлікті нығайтуда асар, ерулік, жылу жинау сияқты ұжымдық қолдау дәстүрі ерекше рөл атқарды.
Спикер отбасылық салтқа да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, құда түсу, қыз ұзату, беташар мен келін түсіру сияқты дәстүрлер тарихи тұрғыдан тек мерекелік рәсім ғана емес, отбасылар арасындағы байланысты нығайтудың, үлкенді құрметтеуді үйретіп, әулет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті тәрбиелейтін маңызды тетік болған.
«Жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығы артып барады, бұған қуану керек. Алайда дәстүрмен интернет пен әлеуметтік желідегі жазбалар арқылы таныспай, ара-арасында ғылыми зерттеуге, архивтік материал мен этнографиялық деректерге де сүйеніп отыру керек», – дейді спикер.
Этнографтың айтуынша, бұл бағытта мұражайлардың рөлі ерекше. Олар тарихи жәдігерді сақтап қана қоймай, ғылыми-ағартушылық орталықтар ретінде де қызмет атқарады. Көрмелер, дәрістер, экскурсиялар және заманауи цифрлық жобалар арқылы мұражайлар қоғамға ұлттық дәстүрлердің шығу тегі, мәні мен тәрбиелік маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.