Алатау ауданы №149 мектепте «Тіл – ұлттың жаны, Абай – ұлттың шамшырағы» атты тағылымы терең, мазмұны мәнді салтанатты жиын өтті.
Тіл мерекесімен қатар өрілген бұл айтулы шараның тағы бір ерекшелігі – білім ордасында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлына арналған арнайы залдың салтанатты түрде ашылуы болды.
Ұлттың тарихы мен тағдыры, салт-дәстүрі мен дүниетанымы, қуанышы мен мұңы ең алдымен ана тілінде таңбаланады. Сондықтан ана тілін ардақтау – белгілі бір пәнді немесе сөздерді меңгеру ғана емес, өз ұлтыңның рухани тамырын тану. Тіл бар жерде ұлттық сана бар, ұлттық сана бар жерде ұлттың болашағы бар.Осы тұрғыдан келгенде, қазақ сөзінің қадірін биіктетіп, ана тілінің көркемдік мүмкіндігін әлемге танытқан ұлы тұлға Абай Құнанбайұлы. Абай шығармалары - қазақ тілінің қуатын танытатын аса биік рухани мұра. Ақын қарапайым сөзбен терең философиялық ой айтып, адам болмысы, білім, ғылым, еңбек, ар-ұят пен адамгершілік туралы толғанды. Оның әрбір шығармасы оқырманын дайын жауапқа емес, ойлануға, ізденуге, өзін тануға жетелейді.
Жиынның ашылуында мектеп директоры Әсем Сайлаубекқызы оқушыларды Абай залын ашудың білім алушылар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ұлы ақын мұрасын мектеп қабырғасында кеңінен насихаттау – оқушының әдеби танымын ғана емес, оның азаматтық ұстанымын, ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды қадам екеніне тоқталды.Абай залы – енді мектеп оқушылары үшін білім мен ізденістің, әдебиет пен руханияттың ерекше мекеніне айналмақ. Мұнда жас ұрпақ ақын шығармаларын оқып қана қоймай, оның ойларын бүгінгі заманмен сабақтастырып, пікірталас өткізіп, зерттеу жұмыстарымен айналысып, шығармашылық ізденістерін шыңдай алады.
Абайды тану дегеніміз өзіңді тануға бастайтын жол. Өйткені ақын көтерген мәселелердің қай-қайсысы да бүгінгі қоғам үшін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Абайдың білім мен ғылымды жоғары қоюы, еңбекті қадірлеуі, талап пен қайратты бағалауы – қазіргі жас ұрпаққа да бағыт-бағдар беретін өмірлік ұстанымдар.
Мерекелік кештің мазмұнын оқушылардың өнері де айшықтай түсті. Жас өрендер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өлең оқып, ән орындады. Салтанатты жиын барысында оқушылардың өнер көрсетуі – мектепте тіл мен әдебиетті дәріптеудің құрғақ ұраны емес, оқушының шығармашылығы арқылы жүзеге асып жатқанын аңғартты. Өлең оқу, ән айту, көркем сөзді мәнерлеп жеткізу арқылы жас ұрпақ тілдің тек қарым-қатынас құралы емес, адамның ойы мен сезімін, ұлттық рухын жеткізетін қуатты құрал екенін сезінді.
Кешті қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Э. Қалбергенова жүргізіп, мерекелік шараның мазмұнын Абай мұрасымен және тіл тағылымымен сабақтастыра білді.Тіл мерекесінде ашылған Абай залының символдық мәні де айрықша. Бұл жерде Абай сөзі жас ұрпақтың санасына сәуле түсіріп, әр оқушыны «Мен қандай адам болуым керек?», «Еліме қандай пайда келтіремін?», «Тілім мен мәдениетімді қалай құрметтеймін?» деген маңызды сауалдарға ой жүгіртуге жетелейді.
Өйткені тілді сақтау – өткенді сақтау ғана емес, болашақты сақтау. Ал Абайды оқу – ұлы ойшылдың сөзін қайталау ғана емес, оның адам болу туралы терең тағылымын жүрекке сіңіру. Бұл тағылымды шара – тіл мен әдебиетті, ұлттық рух пен заманауи білімді бір арнаға тоғыстырған маңызды қадам. Абай залы білім іздеген жас ұрпақтың рухани ордасына айналып, ұлы ақынның өнегелі сөзі талай буынның жүрегіне жол таба бергей! Тіл – ұлттың жаны болса, Абай – ұлттың шамшырағы.Ал сол тіл мен Абай мұрасын дәріптейтін ұрпақ – елдің ертеңгі рухани тірегі.
Ділдаш Демеубекқызы,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.