Шоколадтан жасалған өнер туындысы көрермен назарына ұсынылды.
Алматының Орталық музейіне қойылған экспонаттарға бес жүз келіден астам шоколад жұмсалды. Мұнда тәтті бұйымдар мен мүсіндерді кездестіруге болады. Тақырып сан алуан. Ас үй жабдықтары, бау-бақша өнімдері, хайуанаттар бағы... осының бәрін бір жерден көре аласыз. Бұдан бөлек ауыз тиюге де болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Кәдімгі пингвин, пудель ит, спорт кубогы, футбол добы, жеміс-жидек пен көкөніс салынған себеттер. Осының бәрі тәтті иісі аңқыған таза табиғи шоколадтан жасалған. Сырты италиялық глазурьмен қапталған. Шынайы шыққандығы соншалық оның шоколад екендігіне сену қиын.
«Біз көрген туындыларда сондай керемет жасалған. Сонымен қатар бізде шеберлік сыныбы болды және де оның алдында дегустация болды. Шоколадтың 8 түрінің дәмін көрдік. Бізге ұнады. Маған ең қатты ұнағаны ол – лимонды шоколад. Дәмі ерекше болды. Оның құрамында үш қоспа бар екен», - дейді студент Тоғжан Демежанова.
Шоколадтан бұйым жасау оңай шаруа емес. Оған шыдамдылық, түптеп келгенде ыждахаттылық керек. «Сонда ғана көпшілікті таңғалдыратын дүние пайда болады», – дейді шеберлер. Көрмеге келушілер сол нағыз қолынан бал тамған аспаздармен кездесіп, кеңестерін тыңдады. Тіпті оларды үйлеріне шақырып, өз асүйлерінде шоколад жасауға мүмкіндік берілді. Ресей шоколад музейі өкілдерінің айтуынша, арнайы қаптамасы болмаса, бұл заттардың пішіні тез бұзылады. Сондықтан оны тасымалдағанда аса абай болған жөн.
«Әрбір экспонат үшін қорап жасаттық. Оның өзі сол мүсіннің немесе бұйымның көшірмесі сияқты болуы тиіс. Сонда ғана ғана экспонаттарды сақтай аламыз. Қыста тасымалдауға жеңіл. Еріп кетеді деп қорықпаймыз. Жазда әрине, тоңазытқышсыз жүрмейміз. Оның өзінде белгілі бір температурада ұстаймыз», - шоколад музейінің өкілі Александра Галкина.
Еске сала кетейік, бұл көрме әлемнің 70-ке тарта қаласында болған. Оны Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Қытай сияқты елдердің тұрғындары тамашалаған. Жалпы мұндай шоколадтың жарамдылық мерзімі 3 жыл. Сондықтан экспонаттарды үнемі жаңартып отырады.