Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.
«"Заң мен тәртіп" – қазіргі таңда ең жоғарғы конституциялық деңгейде бекітілген мемлекетіміздің негізгі қағидаттары. Президентіміз үнемі айтатындай, нағыз патриот ол - бірінші кезекте заңға бағынатын, тәртіпті сақтайтын, тазалықты бағалайтын, табиғатты аялайтын еңбекқор, білімді азамат. Сондықтан дәл осындай құндылықтарды бәріміз кеңінен насихаттауымыз, ілгерілетуіміз қажет. Тәртіп болмаса, елімізде экономикалық, әлеуметтік, саяси, басқа мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Заң мен тәртіп» қағидаты заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталғаны атап өтілді, ал ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдардың құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмысын үйлестірумен айналысады.
Жиында «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі тұжырымдамадағы іс-шаралардың орындалу барысы және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралар қаралды.
ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманың негізгі бес бағытын жүзеге асыру туралы баяндады.
Бірінші. Заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру және құқықтық хабардар болу деңгейін арттыру. Жыл басынан бері Қазақстанда қылмыс 15%-ға төмендеп, қылмыстардың ашылуы 5%-ға өсті, 13,7 млн әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелдерін бағалаудың жаңа стандарты бойынша 58 мың адам тексеріліп, оның 2 мыңы тәуекел тобына жатқызылды. Жастарды құқықтық және патриоттық тәрбиелеу үшін мектептерге 8 мың полиция қызметкері бекітілді, 267 «Жас сақшы» және 69 «Жас Бүркіт» сыныптары жұмыс істеуде: бүгіннің өзінде 1,5 мыңнан астам жасөспірімдер қылмысының жолы кесіліп, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың жалпы саны 9%-ға төмендеді.
Екінші. Қауіпсіз және қолайлы өмір сүру ортасын құру. Қоғамдық орындарда қауіпсіздікті арттыру шеңберінде бейнебақылау жүйесі кеңейтілуде. ІІМ мәліметтері бойынша, елімізде 1,8 млн камера орнатылған. Бейнебақылаумен 65 мың аула қамтылған. Нәтижесінде 13,8 мың қылмыс ашылып, 763 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Қалалар мен аудан орталықтарындағы жедел басқару орталықтарының желісін кеңейту жалғасуда.
Үшінші. Билік органдарының ашықтығын қамтамасыз ету. Полиция халықпен өзара іс-қимылды кеңейтуде: азаматтармен кездесулер өткізілуде, учаскелік инспекторлар үй чаттары арқылы тұрғындармен тұрақты байланыс жасап отыр. Мобильді қосымшалар арқылы 138 мың өтініш келіп түссе, оның 80 мыңы eGov және банктік қосымшаларда қолжетімді «Заң мен тәртіп» сервисінің көмегімен жүзеге асқан.
Төртінші және бесінші. Заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету, азаматтық белсенділікті ынталандыру мәселелері бойынша азаматтық қоғамдастықпен әріптестікті дамыту. Құқық бұзушылықтың алдын алуға еріктілер мен қоғамдық көмекшілер тартылуда, олардың көмегімен 20 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 300 қылмыс ашылды. «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бизнес те атсалысуда.
Қоғамдық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру шеңберінде полиция қызметкерлерін олардың іс-қимылдарын жедел үйлестіруге және ЖИ технологияларын қолдануға мүмкіндік беретін смарт-жетондармен жарақтандыру жалғасуда. Елімізде бейнеаналитика функциясы бар 51 мың камера жұмыс істейді, жыл соңына дейін олардың санын 60 мыңға дейін ұлғайту жоспарлануда, сондай-ақ ұлттық бейнемониторинг жүйесін құруға дайындық жүргізілуде.
Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық секторды «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілетуге тартуға назар аударылды. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев бұл жұмыста құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңдылық қағидаттарын нығайту және жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл басымдық болып саналатынын атап өтті. Елімізде азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, халықтың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыруға, заңға құрмет қалыптастыруға және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған 500-ге жуық әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Қазақстанның Азаматтық альянсымен бірлесіп жалпыұлттық қағидаттарды, оның ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету бойынша республикалық жобалық кеңсе құрылды: өңірлерде 20 жобалық кеңсе жұмыс істейді, ҮЕҰ мен азаматтар үшін 1 мыңға жуық құқықтық консультациялар көрсетілді, ақпараттық-түсіндіру жұмысына еріктілер мен волонтерлік ұйымдар тартылды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға бағынатын мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру туралы баяндады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» конституциялық қағидаты шеңберінде мектептерде «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы», «Конституция негіздері», «Жеке қауіпсіздік» курстары енгізілді, «Құқық негіздері» пәні жаңартылды. Оқушыларда қауіпсіз мінез-құлықтың құқықтық нормалары мен дағдыларын қалыптастыру мектеп ортасында салауатты психологиялық ахуалды қалыптастыру жөніндегі жұмыстармен толықтырылады. 2026 жылдың 9 айында Психологиялық қолдау орталықтары 17 мыңға жуық бала мен 9 мың ата-анаға консультациялық және психологиялық көмек көрсетті. Педагог-психологтарға арналған 21 мың әдістемелік іс-шара өткізілді. «ДосболLIKE» буллингке қарсы бағдарламасы жүзеге асырылуда, 14 850 педагог дайындалып, 70 оқыту іс-шарасы өткізілді
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов алдын алу шараларын күшейту нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 14,6%-ға төмендегенін хабарлады. Қоғамдық орындарда қылмыс 22%-ға, көшелерде 20%-ға қысқарды. Азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау мақсатында Бас прокуратура мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп «Антиколл-орталық» жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында 1,6 млн-нан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесіліп, жалпы сомасы 389 млн теңгені құрайтын 766 кредиттің рәсімделуіне жол берілмеді. Алаяқтық фактілерінің саны 20%-ға, кибер алаяқтық – 22%-ға төмендеді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласында Ұлттық таргетинг-орталығы еліміздің төрт өңірінде төрт есірткі зертханасын анықтады. 360 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Есірткі қылмыстарының саны 7,3%-ға төмендеді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Саналы ұрпақ» және «Тәлімгер» жобалары жүзеге асырылуда. 500 мектеп пен колледжде прокуратура және полиция органдарының ардагерлері оқушыларға тәлімгерлік етеді.
Құқықтық ағарту жұмыстары «Халық заңгері» акциясы арқылы Zakon.kz желілік басылымының және «Құқықтық дәріхана» қатысуымен жүргізілуде. Жыл сайын 250 қала мен ауылда 150 мыңға жуық азамат тегін заңгерлік кеңес алады. Жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде 1 млн-нан астам адам көмек алды.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға іс-қимыл жоспарында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. ІІМ мемлекеттік органдардың жұмысына тұрақты мониторинг жүргізіп, үйлестіруді қамтамасыз етуі қажет.
***
Ведомствоаралық комиссия отырысында мас күйінде жасалған құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары және осы санаттағы адамдарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мәселелері де қаралды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жыл басынан бері мас күйде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2,5%-ға азайып, 6,9 мың фактіні құрағанын баяндады. Алкогольді ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін 184 мыңнан астам факті тоқтатылды. Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін 68,7 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Соттар алкоголь тұтынуға тыйым салу туралы 17,5 мың шешім шығарды. Сонымен қатар алкоголь өнімдерін сату ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері полиция алкоголь айналымы саласында 9 заң бұзушылықты анықтады. 4,5 мың кәсіпкер лицензиясынан айырылып, жалпы сомасы 932,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі алкоголь өндіретін 10 жасырын цехтың жұмысын тоқтатты. Құрамында алкоголі бар 67 мың литр өнім тәркіленіп, 15 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова алкогольге тәуелді азаматтарға медициналық көмек көрсету және оларды оңалту шараларын жетілдіру жөнінде баяндады. 2026 жылдың тоғыз айында 3,6 мыңнан астам пациент оңалтудан өтті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Жыл басынан бері Қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасы аясында өңірлерде жеті Уақытша бейімдеу орталығы ашылды. Нәтижесінде орталықтар желісі кеңейіп, жалпы сыйымдылығы 700 орыннан асатын 47 орталыққа дейін жетті. Сонымен қатар елімізде медициналық ұйымдардың жанында азаматтарға салауатты өмір салты мен қауіп факторларының алдын алу мәселелері бойынша кеңес беретін 3,5 мыңнан астам денсаулық мектебі жұмыс істейді. Жастар арасында алкоголь тұтынуды азайту үшін отбасылармен жұмыс жүргізу және қауіп факторларын ерте анықтау шараларын қамтитын алдын алу жұмыстары күшейтілді. Сондай-ақ 2027-2031 жылдарға арналған психикалық денсаулықты қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Құжатта медициналық және әлеуметтік оңалтуды дамыту, тәуелділікті ерте анықтау және пациенттерді ведомствоаралық сүйемелдеу көзделген.
Қаржы министрі Мәди Такиев алкоголь нарығын реттеу, акциз саясатын жетілдіру және өнімнің заңды айналымына бақылауды күшейту жөніндегі жұмыстар туралы баяндады. Заңсыз алкоголь айналымына қарсы күрес аясында биылғы тоғыз айда 5,6 млн литр заңсыз өнім анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сегіз есе көп. Ілеспе құжаттарды рәсімдеу кезінде заң бұзушылықтар мен жалған акциздік маркалар таңбаланған алкоголь өнімдерін жасырын өндіру деректері анықталды.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алудың кешенді моделіне көшу, сондай-ақ қоғамдық және жол қауіпсіздігіне жоғары қауіп төндіретін адамдарды бақылаудың бірыңғай ведомствоаралық тетігін құру қажеттігін атап өтті. Қабылданатын шаралар қылмыстың алдын алуға бағытталуы тиіс.
- Қаржы министрлігіне алкоголь нарығын, оның ішінде қашықтан сату және жеткізу тәртібін заңнамалық тұрғыдан реттеуді жетілдіру және мониторинг жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма берілді. Премьер-министр алкогольді өнімдер сату ережелерін жүйелі түрде бұзатын субъектілерге қатысты жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырды.
- Денсаулық сақтау министрлігіне алкогольге тәуелділі адамдарды мәжбүрлеп емдеу мәселелерін жетілдіру, медициналық куәландыру қағидатын, оның ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі фельдшерлерді даярлау және оларға рұқсат беру, зертханалық жабдықтарды жаңарту және мамандар даярлауды жетілдіру жүктелді.
- Қаржылық мониторинг агенттігіне Ішкі істер және Қаржы министрлігімен бірлесіп, қолдан жасалған алкогольді заңсыз өндіру мен айналымына қарсы қылмыстық-құқықтық тетіктерді күшейту тапсырылды.
- Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтеді. Әкімдіктерге уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары желісін дамыту міндеті жүктелді.
- Мәдениет және ақпарат министрлігіне салауатты өмір салтын насихаттаумен ғана шектелмей, алкогольді тұтыну мәдениетін қалыптастыруға, зорлық-зомбылық пен отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға, ЖКО және өзге де құқық бұзушылықтарға себеп болатын ішімдікті шамадан тыс тұтынуға төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.






