Дауыс беру орнына барып-қайту үшін «Инватакси» қызметі ұйымдастырылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында ерекше қажеттілігі бар және жүріп-тұруы қиын азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасау мақсатында көлік қызметі мен қолдау жұмыстары ұйымдастырылды.
Сайлауға дайындық барысында учаскелердің қолжетімділігіне мониторинг жүргізіліп, физикалық кедергілер жойылды. Сайлау учаскелерінің қолжетімділігі туралы мәліметтер Inva.gov.kz қолжетімділік картасында жаңартылды. Сондай-ақ әр учаскеде мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға қажетті көмек көрсетіп, оларды қолдайтын жауапты мамандар белгіленді.
Дауыс беру орнына барып-қайту үшін «Инватакси» қызметі ұйымдастырылды. Сайлау күні барлығы 170 көлік жұмылдырылды. Оның ішінде 36-сы арнайы жабдықталған көлік болса, 134-і жеңіл автокөлік. Бұған қоса, азаматтарға жедел қызмет көрсету үшін 20 көлік кезекшілікке қойылды.
Есту қабілеті бұзылған сайлаушыларға ымдау тілі бойынша 80 маман көмектеседі. Аударма қызметі сайлау учаскелерінде тікелей және бейнебайланыс арқылы қолжетімді.
Бұл жұмыстардың барлығы азаматтардың сайлауға тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беріп, әрбір сайлаушының конституциялық құқығын жүзеге асыруына қажетті жағдай жасауға бағытталған.