Алматы әкімі Ерболат Досаев 2024 жылдың желтоқсанында күрделі жөндеуден өткен Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында құрылған «Қамқорлық» ерте араласу орталығына барды. Жаңа орталықта дамуында түрлі ауытқуы бар және шала туған балаларға кешенді қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Алматы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры бастамашылық еткен бұл бірегей жоба медициналық көмектен бөлек, әлеуметтік және білім беру қолдауын да қамтиды.
Мұнда балалардың үйлесімді өсуі мен бейімделуіне жағдай жасалған. Оларға абилитация (жаңа дағдыларды дамыту), когнитивті, моторлық және коммуникативті қабілетін дамытуға арналған оқыту жүргізіледі.
426 шаршы метр аумақта бірегей терапевтік кеңістіктер қарастырылған: шунгит және тұзды бөлмелер, сенсорлық қабылдауды жақсартуға арналған иммерсиялық ванна, сенсорлық бөлме бар. Балаларды оңалтуға арналған жеке бағдарламаларды көп салалы мамандар тобы әзірлейді. Олардың қатарына невролог, реабилитолог, неонатолог, физиотерапевт, ЕДШ дәрігері, логопед және дефектолог кіреді.
Орталық күніне 50 бала қабылдайды, ал жылына 600 балаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көмек көрсетіледі.
Ерболат Досаев орталықтағы құрылыс жұмыстарының нәтижелерімен танысып, анықталған кемшіліктерді жоюды мердігерге тапсырды және олардың орындалуын бақылауға алды.
Әкім сондай-ақ жаңартылған Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының емханасының жұмысымен танысты. 1966 жылы салынған 1300,6 шаршы метрлік екі қабатты ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіліп, инженерлік жүйелер жаңғыртылды. Медициналық қызметті жылдам көрсету үшін пациенттердің бағыты оңтайландырылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділік артты. Атап айтқанда, емхананың кеңістігі аймақтарға бөлініп, кабинеттердің орналасуы қайта қаралды, бұл баспалдақпен көтерілу немесе лифт пайдалану қажеттілігін азайтты.
Алматы әкімі ерекше назар аударған нысанның бірі – емхана базасында орналасқан Ұрық қорғау орталығы. Мұнда туа біткен даму кемістіктерін пренатальды диагностикалау және оларды түзетуге арналған жатырішілік отасы жасалады. Бұл Алматы әкімінің тапсырмасымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 2024 жылдың 13 маусымында іске қосылған фетальды хирургияның жаңашыл жобасы. Жыл сайын бұл орталықта 8 мыңнан астам жүкті әйел ультрадыбыстық тексеруден өтеді.
Ерболат Досаевтың айтуынша, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының әрі қарай дамуы жоспарланып отыр. Оның ішінде «Ақылды» операциялық бөлмелер құру, жылдық қабылдау қуатын 17 500-ден 19 500-ге дейін арттыру, жүрекке жасалатын хирургиялық оталарды қосқанда, операция түрлерін кеңейту, акушерлік ота санын жылына 3 500-ден 4 500-ге дейін арттыру.
Қазіргі таңда Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы – әйелдер мен балаларға толық циклді медициналық қызмет көрсететін ірі кластер. Оның әрі қарай жаңғыртылуы жатырішілік отасын кеңейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ даму кемістіктерінен болатын мүгедектік пен нәресте өлімін 35%-ға төмендетуге ықпал етеді.
Айта кетейік, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары – «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспектива» аясындағы маңызды кезеңдердің бірі. Ғимараттың жалпы ауданы – 24,1 мың шаршы метр.