Алматы қаласының әкімдігі қалалықтарды эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, мегаполистің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшинмен және қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағалимен бірге COVID-19 қарсы вакциналау пункттерінің жұмысын және қоғамдық орындардағы шектеу шараларының сақталуын тексерді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Негізгі мақсат – үнділік «дельта» штамының циркуляциясы аясында эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы салдарынан қалалықтардың өмірі мен денсаулықтарын қорғау үшін вакциналау қарқынын арттыру.
Емханаларда, сауда ойын-сауық орталықтарында, университеттер мен мегаполистегі базарларда орналасқан вакцина салу пункттерін аралады. Олардың ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағындағы Smart helth city, Almaty Mall СОСО, “Мәскеу” СОСО және басқа вакциналау пункттері.
Вакциналау пункттеріндегі санитарлық нормалардың сақталуына, вакцинаның тиімділігіне әсер ететін суық тізбек режимін сақтауға назар аударылды. Қаланың барлық аудандарындағы 208 егу пункттерінде вакциналауға арналған санитарлық ережелер талаптарының сақталуын тексеру үшін жұмыс топтары құрылды.
Almaty Mall сауда-ойын-сауық орталығындағы вакцинациялау орталығының қызметін тексеру барысында №18 қалалық емхананың терапевті Сымбат Бердібек вакцина салдыруға ниет білдіргендер қатарының артуы қалалықтардың вирустың қаупі туралы жақсы хабардар екендіктерін және алматылықтардың әлеуметтік жауапкершіліктерінің өскенін көрсететінін айтты.
«Тұрғындар тарапынан қызығушылық өте жоғары, күн сайын бізге вакцина алу үшін 200-ден 250-ге дейін адам келеді, қазіргі кезде біз 4000-ға жуық адамға вакцина салдық. Вакциналар салқындатқыш және мұздатқыш камераларда сақталады. Мысалы, Спутник V вакцинасының дозалары -18 ден -24 дейінгі температурада, қазақстандық вакцина +2 +8 градус Цельсийде сақталады», - дейді №18 қалалық емхананың терапевті Сымбат Бердібек.
Айта кетсек, өткен тәулікте Алматыда барлығы 12 275 адамға вакцина салынды. Барлық кезеңде 450 мыңға жуық алматылық екпе алды.
Жұмыс тобы сонымен бірге қала асханаларының бірі Qaganat-қа барды. Онда тексеру кезінде келушілердің маска режимін, әлеуметтік арақашықтықты сақтамай, санитарлық нормаларды бұзғаны анықталды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жұмыс сапарының қорытындысы бойынша онлайн форматта қаланың медициналық ұйымдарының басшыларымен, сондай-ақ аудан әкімдіктерінің басшылығымен тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасы мен жұмысына байланысты кеңес өткізді. Аудан әкімдіктеріне медициналық ұйымдармен бірге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Мысалы, сауда-ойын-сауық орталығы мен СҮ-не баратын азаматтар ғимаратқа кірген сәттен бастап COVID-19-қа қарсы вакцинация мүмкіндігі туралы хабардар болуы және вакцина алудың маңыздылығы туралы тиісті ақпаратты көруі керек.
Мегаполистегі эпидемиологиялық ахуал мутацияланған «дельта» штамының таралуына байланысты күрделене түсіп, оның үлес салмағы 78%-ға жетті. Соңғы аптада коронавируспен ауырғандар саны 1,7 есеге өсті. Мәселен, өткен тәулікте коронавирустық инфекцияның 253 жағдайы анықталды. Соңғы аптада КВИ белгілері бар науқастардың үлесі 32%-дан 53%-ға дейін өсті. Бұл мәліметтер "дельта" штамының COVID-19 патогендігінің жоғары екендігін көрсетеді. Эпидемиологтардың айтуынша, "дельта" штамы өте жұқпалы және анықталған штамдарға қарағанда 60%-ға көп жұқтырады. Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, коронавирустың үнді штамын жұқтырғанлар ауруханаға жатқызылады, тіпті кей жағдайда ажал құшуы да ықтимал.
Алматы қаласының әкімдігі қалалықтарды эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады: бетперде киіп, әлеуметтік арақашықтықты сақтау қажет, адамдар көп шоғырланған жерлерге барудан бас тартқан жөн. КВИ-да қорғаныс пен бақылаудың жалғыз әдісі вакцина алу (ақысыз) екенін ескеру қажет.