Экспозицияға музыкалық ырғақтардан шабыт алған кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай «Дыбыстар – суретшілер көзімен» атты бірегей көркем жоба ашылды.
Аталған көрмеге Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, еліміздегі ең байырғы өнер ордаларының бірі – Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің өкілдері мұрындық болды.

«Дыбыстар – суретшілер көзімен» көрмесінің негізгі тұжырымдамасы – музыка мен бейнелеу өнерінің арасындағы терең рухани байланыс пен жанды диалогты көрсету. Экспозицияға ұлттық мәдениет қайраткерлеріне, композиторлар мен ақындарға арналған, сондай-ақ музыкалық ырғақтардан шабыт алған кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылған.
– Жобаның басты инновациялық ерекшелігі – оның интерактивті форматы. Көрме залындағы әрбір туындының қасына арнайы QR-кодтар орналастырылған. Көрермендер смартфон көмегімен QR-кодты сканерлеу арқылы суретшіні осы туындыны жасауға шабыттандырған музыкалық шығарманы тікелей тыңдай алады, сонымен қатар картиналар мен мүсіндерде бейнеленген тұлғалар туралы қызықты өмірбаяндық деректермен танысуға мүмкіндік алады, – дейді халықаралық көрмелердің жеңімпазы, виртуоз-керамист Индира Өзбекова.

Экспозицияның ауқымы мен маңызы оған қатысушы авторлар құрамымен айқындалады. Көрмеге Орал Таңсықбаев атындағы колледждің педагог-тәлімгерлері, Қазақстан Суретшілер одағының белгілі мүшелері мен халықаралық биенналелердің жеңімпаздары, сондай-ақ өнер ордасының талантты студенттері қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Бақтияр Табиевтің шығармашылық жолын жалғастырушы Азат пен Саида Табиевтер, белгілі суретші Кенжебай Дүйсенбаевтың дәстүрін ұлықтаушы қылқалам шебері Қамар Дүйсембаева, монументалды және заманауи мүсін өнерінің танымал өкілдері Қазыбек Дулатов, Әліби Сейісов, Еркін Мақұлбаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, республикалық байқаулардың жеңімпазы Нұрболат Асқар, жанрлық сюжеттер шебері Әлішер Жүргенов және осы көрменің кураторы, халықаралық көрмелердің жеңімпазы, виртуоз-керамист Индира Өзбекова бар.
Осы орайда айта кетсек, көркем жобаға ұйытқы болған Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі (іргетасы 1938 жылы қаланған) өзінің 90 жылға жуық тарихында өнер әлеміне он мыңнан астам білікті маман даярлап шығарды. Бүгінгі күні білім ордасы академиялық мектептің дәстүрлерін сақтай отырып, заманауи өнер үдерісіне жаңа медиа технологияларды белсенді енгізіп келеді.
Көрме бір ай бойы жалғасады. Өнерсүйер қауымды, қала қонақтарын заманауи өнер мен музыка тоғысқан бірегей көрмені тамашалауға шақырамыз.
Нұржамал ӘЛІШ