«Заң мен тәртіп» концепциясын іске асыру аясында, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ғұмарбек Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭжБУ) «Заң мен тәртіп» республикалық бастамасын қолдау мақсатында «ORTAQ 2026 - жауапкершілік аумағы» атты қалалық студенттік байқаудың ресми басталғанын хабарлайды. Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған бұл ауқымды шараның жалпы жүлде қоры 3 000 000 теңгені құрайды.
Байқаудың негізгі идеясы - жастардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын құрметтеуге тәрбиелеу, сондай-ақ университет пен қала ортасын қауіпсіз етуге бағытталған нақты студенттік жобаларды қолдау. Үздік деп танылған технологиялық шешімдер кейіннен пилоттық енгізуге дайындалатын болады.
Жобалар мен әзірлемелер келесі маңызды бағыттар бойынша қабылданады:
· Құқықтық сауаттылық: құқықтар мен міндеттерді түсіну, көмекке жүгіну жолдары.
· Цифрлық қауіпсіздік: деректерді қорғау және алаяқтық әрекеттерді ерте анықтау.
· Қауіпсіз кампус: тәуекелдерді азайту және қолжетімді орта қалыптастыру.
· Жауапты мінез-құлық: өзара құрмет, мүлікке ұқыпты қарау және өзара көмек.
· Цифрлық инфрақұрылымды қорғау: сервистердің тұрақтылығы мен ақпараттық қауіпсіздік.
Байқауға Алматы қаласының жоғары оқу орындарында білім алатын 17–25 жас аралығындағы студенттер жеке немесе 2-5 адамнан тұратын команда құрамында қатыса алады. Қатысу тегін, әр қатысушы бір жоба ұсына алады. Жұмыстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.
Маңызды мерзімдер:
· 9 қараша 2026 жыл - өтінімдерді қабылдаудың ресми басталуы.
· 4 желтоқсан 2026 жыл (сағат 18:00-ге дейін) - қорытынды материалдарды қабылдаудың соңғы күні.
· 10–11 желтоқсан 2026 жыл - байқаудың финалдық кезеңі (DALA EDGE алаңы, Қаскелең қ.).
Барлық сұрақтар бойынша science@aues.kz электронды поштасы немесе +7 708 253 1353 (байланыс тұлғасы - Ногайбаева Макпал) арқылы хабарласуға болады.