Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасында аяқ-қолдың туа біткен және жүре пайда болған ақауларын түзетуге арналған реконструктивтік оталар сәтті жүргізіліп келеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылы 25-28 ақпан аралығында №2 балалар клиникалық ауруханасының базасында Мәскеуден келген белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, РХДУ-дың травматология және ортопедия кафедрасының профессоры Игорь Голубевтің қатысуымен шебердің сабағы өтті. Оның барысында аяқ-қолында ауыр патологиясы бар 9 қазақстандық балаға бірегей ота жасалды. Сонымен қатар 20 бала профессордан кеңес алды. Іс-шара аясында Алматы қаласы мен Қазақстанның түрлі өңірінен келген 17 дәрігер біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасты.
№2 балалар клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, шеберлік сабағы барысында ресейлік маман аурухананың ортопед-травматологтарымен бірлесіп күрделі ота жасады. Атап айтқанда, тері жамылғысын көшіру, экзостоз салдарынан пайда болған қол сүйегінің деформациясын түзету, жарақаттан кейінгі нейропатияларды емдеу, Фолькман контрактурасы мен Дюшен-Эрб сал ауруы кезінде сіңір мен бұлшық етті ауыстырып орналастыру сияқты күрделі хирургиялық әдістер қолданылды.
Айта кетейік, балаларға медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында тегін көрсетіледі.
Профессор Игорь Голубевтің айтуынша, бұл оның Қазақстанға, оның ішінде Алматыға алғашқы сапары емес. Мұндай бірлескен жұмыс «Самұрық-Қазына Траст» қорының қолдауымен «Мейірімділік» үйі қорының ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр.
Профессордың сөзінше, Қазақстанда компартмент синдромы (қысылу синдромы) кездесетін науқастар аз емес. Бұл жағдайда қатты ісіну пайда болып, тіндердегі қысым жоғарылайды. Соның салдарынан қан тамырлары мен жүйкелер қысылып, бұлшық еттер мен жүйкелердің ішінара немесе толық жансыздануына әкелуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде мүгедектікке соқтырады.
Мұндай жағдай көбіне сынықшылардың алғашқы көмекті дұрыс көмек көрсетпеуінен туындайды.
Игорь Голубев балалардың сүйегі сынған кезде уақытылы ота жасаудың маңызы өте жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдайда балаларға алғашқы көмекті сынықшылар емес, кәсіби дәрігерлер көрсетуге тиіс.
Бұл жағдайда қысымды азайту үшін қан тамырлары мен жүйкені босататын фасциотомия, яғни арнайы хирургиялық тілік жасалады. Мұндай ота жарақат алғаннан кейінгі алғашқы 6 сағат ішінде жасалуы қажет.