Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Balancing Act: көшбасшы, кәсіпкер әйел – қоғам бейнесі» атты дөңгелек үстел аясында Студенттік емхана мен Бизнес хабтың салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
Студенттік емхананың қызыл лентасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Нұргүл Тау, Астана қаласындағы Line Brew мейрамханалар желісі мен The Veil қонақ үйінің бас директоры Жақупова Гүлмира және QyzPU-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Әмірханқызы Қанай кесті.
Заманауи техникамен жабдықталған бұл емхананың басты мақсаты – ұжымның денсаулығын нығайту және студенттерге сапалы медициналық қызмет көрсету. Жаңа орталық студенттердің оқу үдерісіне барынша қолайлы жағдай жасап, аурушаңдықтың алдын алу және денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған.
«Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, білім алып жатқан қыздарымыздың денсаулығын сақтау және нығайту мақсатында университет қабырғасында емхана аштық. Бұл – жастарымызға алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған арнайы орталық. Емханада тіс дәрігері, қыздардың репродуктивтік денсаулығын нығайту мақсатында акушер-гинеколог, сондай-ақ жалпы тәжірибелік дәрігерлер жұмыс істейді. Біз қыздарымызға барынша ыңғайлы жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Медициналық көмекке қажеттілік туындаған жағдайда, олар біздің емханадан барлық қажетті қызметті ала алады», – деді «Almaty Clinic» медициналық орталығының директоры Кусаинова Дина Тургунбайқызы.
Бизнес хабтың қызыл лентасын «Атамекен» ҰКП Шағын кәсіпкерлікті және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі директор орынбасарының міндетін атқарушы Төребекова Жанар Мейрамқызы, Астана қаласындағы Line Brew мейрамханалар желісі мен The Veil қонақ үйінің бас директоры Жақупова Гүлмира кесті. Бизнес хаб студенттер мен жас кәсіпкерлер үшін жаңа таныстықтар орнатуға, тың идеялар мен пайдалы кездесулер өткізуге арналған алаң болмақ. Бұл бастама қыздардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ықпал етіп, кәсіпкерлік пен білім әлемінде өзіндік орны бар жаңа буынның қалыптасуына жол ашады.
«Бүгінгі күн біздің университет үшін ерекше. Университетімізде Бизнес хаб ашылды. Бұл студенттеріміз үшін зор мүмкіндік, кәсіпкерлікке жол ашатын жаңа қадам. Мұнда түрлі мотивациялық кездесулер, шеберлік сабақтары және кәсіпкерлікке бағытталған курстар ұйымдастырылады. Осы бағытта аянбай еңбек етіп, жастардың қабілетін дамытуға бар күшімізді саламыз», – деді Қыздар көшбасшылығы мен кәсіпкерлік орталығының бөлім басшысы Бекқалиева Гүлзира Мақзұмқызы.
Ашылу рәсімінен кейін «Balancing Act: көшбасшы, кәсіпкер әйел – қоғам бейнесі» атты дөңгелек үстелде тың идеялар ұсынылып, қатысушылар өзара пікір алмасты. Кездесу соңында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай қыздарға қолдау мен демеушілік көрсеткен серіктес ұйымдарға және барша қатысушыларға алғысын білдіріп: «Саналы ұрпақ қалыптастыру жолындағы бірлесе отырып жасап жатқан еңбегіміз ақтала берсін», – деді.