Жаңа әкімдер тағайындауы.
Кадр мәселелері жөніндегі кеңес барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев ҚР Президенті Әкімшілігінің және Алматы қаласы мәслихатының келісімі бойынша қала әкімінің өкімімен лауазымдарға тағайындалған аудандардың жаңа әкімдерін ұжымға таныстырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Наурызбай ауданының әкімі болып Назира Тоғызбаева тағайындалды, ол 2021 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.
ТОҒЫЗБАЕВА НАЗИРА АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Экономика ғылымдарының кандидаты. Қызылорда облысының тумасы. Тұрмыста, балалары бар.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы Қызылорда қаласы әкімінің аппаратында маман болып бастаған.
Әр жылдары әртүрлі басшылық лауазымдарда болды, оның ішінде Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы — Алматы қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссияның қызметіне жетекшісі, Алматыдағы салынып жатқан метрополитен дирекциясы бөлімінің бастығы, жеке халықаралық компанияларда қаржы директоры.
Наурызбай ауданының әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін 2020 жылдан бастап Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарды.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Әуезов ауданының әкімі қызметіне Абзал Егембердиев тағайындалды. 2022 жылдың тамыз айынан бастап А. Егембердиев қаланың мемлекеттік активтер басқармасын басқарды.
ЕГЕМБЕРДИЕВ АБЗАЛ ҚУАНДЫҚҰЛЫ
2000 жылы Абзал Егембердиев Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2006 жылы Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ экономика және қаржы институтын, 2014 жылы Қазақ бас сәулет – құрылыс академиясын бітірген, экономика ғылымдарының магистрі.
Еңбек жолын 2001 жылдан 2003 жылға дейін Атырау облысының прокуратура органдарында прокурор болып бастаған.
Әр жылдары Астана қаласы әкімінің аппаратында жұмыс істеді, Степногорск қаласы әкімі аппаратының басшысы; бөлім бастығы, Алмалы ауданы әкімі аппаратының басшысы; Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары; Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы, Есіл ауданы әкімінің орынбасары; Астана қаласы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Астана қаласы бойынша экология департаментін басқарды, жеке құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды.
Бостандық ауданының әкімі Санджар Алин болды. Тағайындалғанға дейін ол энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы қызметін атқарды.
АЛИН САНДЖАР МЕҢДІБАЙҰЛЫ
Алин Санджар Меңдібайұлы 1984 жылы 30 тамызда Алматы қаласында туған.
2007 жылы Regents Business College-ді "халықаралық маркетинг" мамандығы бойынша бітірді, 2009 жылы The University of Winchester-де МВА дәрежесін алды, 2015 жылы Д.А. Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университетін бітірді.
Еңбек жолын Алин Санджар Меңдібайұлы "Қазақстандық телекоммуникациялар ("Кателко Плюс") ЖАҚ-да клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер, техникалық кеңесші қызметінен бастаған.
Әр жылдары жеке құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды. Сату және маркетинг, қаржы құрылымдары, құрылыс, энергетика және квазимемлекеттік сектор саласында, сондай-ақ мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесі бар, Алматы қаласының энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасында энергия тиімділігі және энергия үнемдеуді арттыру бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Бостандық ауданының әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін 2022 жылғы сәуірден 2023 жылғы мамырға дейін Алматы қаласының энергетика және сумен жабдықтау басқармасын басқарды
Алмалы ауданын Айдар Жақыбаев басқарады. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы болды.
ЖАҚЫБАЕВ АЙДАР ЕРБОЛАТҰЛЫ
Жақыбаев Айдар Ерболатұлы 1988 жылы 14 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында туған. 2011 жылы Boston University (АҚШ) "инженерия бакалавры"мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2011 жылы жеке секторда бастаған. Әр жылдары "КПМГ Такс энд Эдвайзори" АҚ, Астана қ., ҚР Ұлттық экономика министрлігінде, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде, ҚР Ұлттық банкінде жұмыс істеді, ҚР Ұлттық Банк Төрағасы аппараты департаменті директорының орынбасары, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
Алмалы ауданы әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін 2023 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының м.а. болды.