Ататүріктің қарындасы Макбуле Атаданның өмірі туралы деректі роман алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 5-6 қыркүйекте Алматы қаласында түрік жазушысы Нүкет Ашкынның «Макбуле ханым. Ататүріктің қарындасы туралы айтылмаған əңгіме» атты деректі романының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері мен оқырмандармен кездесуі өтеді. Екі күнге жоспарланған кездесулер үш жерде – ETHNO POP-UP STORE: SABANTOI, Meloman дүкені жəне «Мың кітап» əдебиет үйінде өтеді. Кітапты қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарған – Steppe & World Publishing баспа үйі. Еңбектің қазақ тілінде жарық көруіне Динара Сұлтан ханым мен Sadu Group демеушілік көрсетті.
5 қыркүйек Алматы қаласындағы ETHNO POP-UP STORE: SABANTOI алаңында кітаптың таныстырылымы өтеді. 13:45-14:15 аралығында Нүкет Ашкын «Макбуле ханым. Ататүріктің қарындасы туралы айтылмаған əңгіме» кітабын таныстырып, оқырмандарға еңбектің жазылу тарихы мен мазмұны туралы айтады. Кездесу соңында оқырмандар автордан қолтаңба алады.
6 қыркүйек 15:00-де Meloman дүкенінде кітаптың қазақ тіліндегі басылымының таныстырылымы жалғасады. Кездесу барысында Нүкет Ашкын Макбуле Атаданның өмірі мен тағдырына қатысты зерттеулері туралы əңгімелеп, кітаптың негізгі мазмұны мен тарихи деректері жөнінде оқырмандардың сұрақтарына жауап береді.
6 қыркүйек 18:00-де «Мың кітап» əдебиет үйінде Нүкет Ашкынның оқырмандармен еркін форматтағы кездесуі өтеді. Кеш барысында автор шығармашылық жолы, Макбуле Атаданның өмірін зерттеуге не түрткі болғаны жəне кітаптың жазылу барысы туралы əңгімелейді. Кездесу шай үстінде жалғасып, оқырмандарға автормен еркін пікір алмасып, сұрақтарын қоюға мүмкіндік беріледі.
Түркия Республикасының көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік туралы сан алуан зерттеу еңбектер жазылып, оның саяси қызметі мен мемлекет тарихындағы орны жан-жақты зерделенді. Алайда Түркия Республикасының негізін қалаған тұлғаның жанында болған, ерекше жақын тартқан қарындасы Макбуле Атаданның өмірі жайлы осы уақытқа дейін көп айтылмады. Нүкет Ашкын - Макбуле Атадан туралы кітап жазған тұңғыш автор.
Деректі романда Макбуле ханымның балалық шағынан бастап ғұмырының соңғы кезеңіне дейінгі өмір жолы тарихи деректерге сүйене отырып баяндалады. Отбасы естеліктері, архив материалдары мен өмірбаяндық деректер арқылы оның мінезі, дүниетанымы, бауырларымен арадағы қарым-қатынасы жəне Мұстафа Кемалмен байланысы ашылады. Автор көпшілікке таныс Мұстафа Кемал Ататүрік бейнесінің арғы жағындағы аға, бауыр, отбасының қорғаны ретіндегі болмысын да назардан тыс қалдырмайды.
Макбуле Атаданның тағдыры - бір əулет тарихы емес, Осман империясының соңғы кезеңі мен Түркия Республикасының құрылу дəуірін бастан өткерген əйелдің өмір жолы. Кітап сол кезеңдегі қоғамдық өзгерістерді Макбуле ханымның өмірімен сабақтастырып, тарихта аты аталғанымен, өмірі терең зерттеле қоймаған əйелдің бейнесін қайта жаңғыртады. Осы тұрғыдан алғанда, шығарма Ататүрік туралы қалыптасқан тарихи пайымдарды толықтырып, оның өміріне отбасы тұсынан үңілуге мүмкіндік береді.
Нүкет Ашкын – түрік журналисі əрі жазушы. Hürriyet, Sabah газеттерінде Kanal 6 телеарнасында Премьер-министр, Мемлекет басшысы, Парламент тілшісі, Еуропа басылымдарына жауапты маман, жаңалықтар координаторы болып ұзақ жыл еңбек еткен. Көптеген жаңалық материалдарын, зерттеу мақалаларын жазған. Оқу-ағарту министрлігінде, Сыртқы істер министрлігінде, Премьер-министр кабинетінде жəне Түркия Ұлттық Мəжілісі төрағалығында жоғары лауазымды қызметтер атқарған.
Нүкет Ашкын шығармаларында Түркия тарихындағы маңызды кезеңдер мен Ататүрік дəуіріне қатысты тақырыптарға ден қояды. Оның «Son Devrim», «Kelimelerde Saklı Feryatlarla 10 Kasım ’38», «Büyük Atatürk’ün Çocukluğu» жəне «Yazı» атты кітаптары жарық көрген. «Büyük Atatürk’ün Çocukluğu» шығармасы Макбуле ханымның естеліктеріне сүйеніп, Ататүріктің балалық шағын баяндайды. Ал «Макбуле ханым. Ататүріктің қарындасы туралы айтылмаған əңгіме» кітабында жазушы Макбуле Атаданның өмірін деректі материалдар негізінде жазған.
2011 жылы Нүкет Ашкынның мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Ben de varım!» жобасы «Мемлекеттік саладағы ең үздік əлеуметтік жауапкершілігі бар жоба» деп танылып, «Altın Pusula» сыйлығы берілген.
БАҚ өкілдері үшін:
● Нүкет Ашкынмен сұхбаттасу;
● авторға сұрақ қою;
● кітап туралы ақпарат алу;
● фото жəне бейнематериал түсіру;
● іс-шара спикерлерінен пікір алу мүмкін.
Іс-шара туралы
5 қыркүйек 2026 жыл
Уақыты: 13:45-14:15
Өтетін орны: ETHNO POP-UP STORE: SABANTOI
Мекенжайы: Алматы қаласы, əл-Фараби даңғылы, 128/7, SADU ARENA
6 қыркүйек 2026 жыл
Уақыты: 15:00
Өтетін орны: Meloman
Мекенжайы: Алматы қаласы, Гоголь көшесі, 58
6 қыркүйек 2026 жыл
Уақыты: 18:00
Өтетін орны: «Мың кітап» əдеби үйі
Мекенжайы: Алматы қаласы, Қажымұқан көшесі, 101/1, к15
Аккредитация мəселелері бойынша:
Ақбота Миралықызы
+7 705 440 11 17, meralyakbota05@gmail.com
БАҚ өкілдері іс-шараға қатысу үшін 3 қыркүйек 15:00-ге дейін аккредитациядан өтуі керек.