ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова басқаратын Ұлттық әскери-патриоттық орталық пен Жауынгерлік даңқ мұражайының филиалы орналасқан Армия үйінде де қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттың концерттік және мәрмәр залдары, сондай-ақ Жауынгерлік даңқ мұражайы күрделі жөндеуден өтуде. Онда офицерлер клубы мен балаларға арналған әскери-патриоттық фильмдер түсіретін кинопавильон ашылады.

«Алматы үшін Армия үйінің мәдени маңызы зор. Бұл – тарихи сәулет ескерткіші. Сондықтан біз оның бастапқы келбетін қаламыз бен еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі ретінде сақтауға міндеттіміз», - деп атап өтті Руслан Жақсылықов гарнизонға сапары барысында.

Ғимаратты қайта қалпына келтірудегі басты ерекшеліктердің бірі ашық аспан астындағы жауынгерлік техника мұражайын ашу болмақ. Мұражай экспозициясын Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қару-жарақтың 30-ға жуық үлгісі құрайды. Ең құнды экспонаттардың қатарында 1931 жылғы 152 мм гаубица бар.

«Жауынгерлік техника мұражайының Армия үйі үшін маңызы зор болмақ. Ол Қалдаяқов көшесінің оң жағында орналасады. Ал сол жағында әкімдік күшімен алматылықтар мен қала қонақтарының демалуына арналған гүлзар салынатын болады. Біз бұл нысандардың барлығы Жеңістің 80 жылдығына орай ашылатынын мақтан тұтамыз», - деді Алуа Байқадамова.

Сонымен қатар Қалдаяқов көшесінде жастардың патриоттық тәрбиесіндегі заманауи тәсілдерді бейнелейтін жаңа барельеф орнатылды.