Қаланың әр ауданында бір мезгілде өткен экологиялық іс-шараға 600-ден астам жас қатысты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Фестиваль 2 тамыз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылған ауқымды EcoDay экологиялық акциясымен ашылды.
Фестивальдің алғашқы күні жастар ұйымдарын, еріктілерді, белсенділерді және қала тұрғындарын ортақ мақсатқа – ALMA LOVE фестивалін туған қалаға жанашырлық танытудан бастауға жұмылдырды. Қатысушылар аула мен қоғамдық кеңістіктерді тазалап, экологиялық челленджтер ұйымдастырды, тұрғындармен кездесіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, тазалық сақтауға және жайлы қалалық ортаны бірлесіп қалыптастыруға үндеді.
Экологиялық акция биыл «Қала сенен басталады. Город начинается с тебя» атауымен өтіп жатқан фестивальдің мән-маңызын айқындайтын алғашқы іс-шара болды. Оның негізгі идеясы – Алматыға деген сүйіспеншілік күнделікті қарапайым әрекеттерден, яғни қоршаған ортаға құрметпен қараудан, өзі тұратын аулаға, көшеге және ауданға жанашырлық танытудан басталатынын көрсету.
Іс-шара сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдауға, экологиялық мәдениетті насихаттауға, ерікті қозғалысын дамытуға және жастардың қоршаған ортаның жай-күйіне деген жеке жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған.
Акцияға қатысушылардың бірі мұндай бастамалар жастарды тек қаланы таза ұстауға ғана емес, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіруге де ықпал ететінін атап өтті.
«Біз фестивальді концертпен емес, пайдалы іспен бастадық. Бұл туған қалаға деген сүйіспеншіліктің сөзбен емес, іспен көрінетінінің жақсы белгісі. Егер әр адам өзі тұратын аулаға немесе көшеге қамқорлық танытса, Алматы әлдеқайда таза, көрікті әрі жайлы қалаға айналады. Нағыз азаматтық жауапкершілік осындай қарапайым қадамдардан басталады», – деді экобелсенді, блогер Дулат Нәбиев.
EcoDay аясындағы экологиялық іс-шараларға жалпы саны 600-ден астам адам қатысты. Бұл акция 12 тамызға дейін қала бойынша өтетін ондаған білім беру, мәдени, спорттық, шығармашылық және қоғамдық іс-шараларды біріктіретін ALMA LOVE 2026 жастар фестивалінің алғашқы кезеңі болды.
Айта кетейік, фестиваль Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылуда.