Алматыда әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алатындардың саныр саны 692 мыңға жуықтады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл ретте бір адам мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрін қатар ала алады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматыдағы әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу мен бақылау комитеті департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков осылай деп мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, әлеуметтік қорғау жүйесі азаматты дүниеге келген сәттен бастап зейнетке шыққанға дейін өмір бойы сүйемелдейді. Мемлекет бала туу мен оның күтіміне байланысты жәрдемақы төлейді, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандарға, мүгедектігі бар азаматтар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға қолдау көрсетеді.
«Алматыдағы әр отбасы өмірінде міндетті түрде әлеуметтік қолдау жүйесіне жүгінеді. Бірі бала туғанда жәрдемақы рәсімдейді, енді бірі зейнетке шығады, тағы біреуі мүгедектікке немесе асыраушысынан айырылуына байланысты осындай мемлекеттік қолдау алады», – дейді Мұрат Мұратбеков.
Департамент басшысының айтуынша, биылғы бірінші жарты жылдықта алматылықтарға бала туу мен бала күтіміне байланысты 16 107 жәрдемақы, 9 510 мемлекеттік базалық зейнетақы, жасына байланысты 8 661 зейнетақы төлемі, жерлеуге арналған 4 857 біржолғы төлем, мүгедектікке байланысты 1 945 жәрдемақы мен көпбалалыларға 1 926 жәрдемақы тағайындалған.
Әлеуметтік саланы дамытудың негізгі бағытының бірі – цифрландыру. Қазір зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік қызметті электрондық үкімет порталы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы, сондай-ақ проактивті және автоматтандырылған форматтар арқылы алуға болады.
«Қазір зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік қызметтің шамамен 40 пайызын мемлекеттік органға жүгінбей-ақ алуға болады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында көрсетілген 49 021 қызметтің 19 337-сі проактивті форматта немесе мемлекеттік органдарға бармай-ақ және құжат жинамай-ақ тағайындалды», – деп атап өтті спикер.
Департаменттің мәліметінше, кеңес алуға көбіне зейнеткерлер, зейнетке шығуға дайындалып жүрген азаматтар, балалы отбасылар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар мен асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатындар жүгінеді. Негізгі сұрақ еңбек өтілін растауға, еңбек кітапшасын талдау мен зейнетақы төлемінің дұрыс есептелуіне қатысты туады екен.
Мұрат Мұратбеков әлеуметтік төлемді атаулылық қағидаты мен заңдылық негізінде тағайындау мәселесіне де тоқталды. Цифрландыру мен бақылауды күшейту аясында департамент 7 мыңнан астам зейнетақы ісін тексерді. Соның нәтижесінде 82 жағдайда жалған құжатты пайдалану фактісі анықталып, артық төленген қаражат көлемі 108 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта оның 70 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.
«Мемлекеттік бюджеттен бөлінген әр теңге заң бойынша оны алуға қақылы азаматтарға ғана берілуі тиіс», – деп атап өтті департамент басшысы.
Сөз соңында спикер проактивті түрде төлемді тағайындау аясын кеңейту, мекемеаралық деректер алмасуды жетілдіру, азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мен мемлекеттік қызметті одан әрі цифрландыру әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі дамытуға сеп болатынан айтты.