Орталық құрылымында биыл ғылыми бағыт пайда болды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ортездер жасауға арналған жеке зертхананың ашылуы, жамбасқа арналған роботтандырылған протездер, сатып алудың орнына уақытша пайдалануға берілетін кресло-арбалар, балаларды үйде оңалту мен бір реттік курстың орнына цифрлық сүйемелдеу. Ұлттық әлеуметтік қорғауды дамыту ғылыми орталығының бас директоры Сырым Нәси Өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымның осы жұмысы мен алдағы жоспары туралы айтты.
Спикердің айтуынша, орталық ғылымды, әдістемені, замандық технология мен адамға көрсететін көмекті бір жерге тоғыстыру үшін құрылыпты. Қазір мекеме әлеуметтік саладағы ғылым мен кәсіби әлеуетті дамыту, замандық технология мен техникалық оңалту құралы, адамға тікелей оңалту қызметін көрсету мен сүйемелдеу сияқты үш негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді.
Орталық құрылымында биыл ғылыми бағыт пайда болды. Қазірдің өзінде екі зерттеу басталып, мамандар мен отбасының өзара іс-қимылы аутизм спектрі бұзылған балалардың қоғамға кірігуіне қалай әсер ететінін, эпилепсиясы бар баланы кешенді оңалтудағы әлеуметтік қызметкердің рөлі зерттеліп жатыр.
«Бұл жерде біз үшін ең маңызды мәселе – маман отбасымен бірлесіп жұмыс істегенгенде қандай тәсіл шынымен тиімді екенін, оларды қызметте қалай қолдануға болатынын анықтау. Зерттеудің міндеті – қалыптасқан жағдайды жай ғана сипаттап қою емес, қандай тетіктің барынша тиімді болуы мүмкін екеніне ғылыми негізделген түсінік қалыптастыру. Біз мәселені анықтау, зерттеу жүргізу, қорытынды жасау, әдістемелік тәсіл әзірлеу, оны практикада сынақтан өткізу мен нәтижесін бағалау арқылы ғылыми бағыттың жұмысын дәйекті тізбек ретінде қарастырамыз», – дейді Сырым Нәси.
Тағы бір маңызды бағыт – әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін тану. Жыл басынан бері орталық осындай 1228 рәсім өткізген.
Техникалық оңалту құралдары саласында орталық жыл сайын 7 технологиялық процесті әзірлеп, жаңа технологиялар бойынша 255 протез дайындайды. Биылғы 9 айда аяқ-қолға арналған микропроцессорлық тізе модульдері, силиконды қаптама мен көміртекті талшықтан жасалған табандар қолданылған 160 протез дайындалды.
Қазір жаңа инновациялық модуль мен табаны бар эксперименттік жамбас протезі, сондай-ақ белсенді күштік жетегі бар роботтандырылған протез әзірленіп жатыр.
«Біз адамға жай ғана техникалық бұйым ретінде протез бермей, оның функционалдық қажеттіліктеріне барынша сәйкес келетін, қозғалысы мен өмір сапасын арттыруға мүмкіндік беретін шешім ұсынғымыз келеді. Сондықтан компоненттерді таңдағанда қолжетімді үздік технологиялық шешім мен оларды қолданудың әлемдік тәжірибесін ескереміз. Біз дайын шешімді қолданумен ғана шектелмей, әрдайым өз технологияларымызды дамытып, жаңа конструкциялар жасауға тырысамыз», – деп атап өтті спикер.
Тағы бір жаңа жоба – 3D-сканерлеу мен3D-модельдеу негізінде ортездерді жобалау мен дайындауға арналған жеке зертхананың құрылуы. Орталық биыл 500 ортез дайындауды жоспарлап отыр. Ал 2027 жылдан бастап жылына шамамен 1000 бұйым шығармақ ойда.
Белсенді жобаның бірі – «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» бағдарламасы. Қазір жоба Шымкент қаласында, Қызылорда мен Павлодар облысында, сондай-ақ Абай облысында 657 баланы қамтып отыр.
Қыркүйек айынан бастап жоба Батыс Қазақстан облысында кезең-кезеңімен іске асырыла бастады. Жыл соңына дейін бағдарлама тағы үш өңірге – Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Ұлытау облысына жетеді. 2027 жылдан бастап жоба тағы 12 өңірге кеңейтіледі.
Тағы бір елеулі жаңалық – техникалық оңалту құралын қайтарымды модель бойынша ұсыну. Бұл ретте кресло-арба немесе жүріп-тұруға арналған құрал адамға уақытша және өтеусіз пайдалануға беріледі. Техникалық құрал адамның қажеттілігіне сай болмай қалғаннан кейін, ол қайтарылады, техникалық күйі бағаланып, жөндеуден өткізіліп, басқа адамға беріледі.
Пилоттық жоба 1 шілдеде Ақтөбе, Қарағанды мен Павлодар облысында басталды. Қыркүйек айында оған көзі көрмейтін адамдарға арналған тифлотехникалық құралдар – экраннан оқу бағдарламасы орнатылған ноутбук, портативті тифлокомпьютерлер мен оқу құрылғысы қосылды.
«Тәжірибеде адамның техникалық оңалту құралына деген қажеттілігі өзгеруі мүмкін екенін көріп отырмыз: оның физикалық жағдайы, функционалдық мүмкіндігі, антропометриялық көрсеткіші өзгереді. Бұл әсіресе кресло-арбаларға қатысты. Егер кресло адамның өлшеміне немесе функционалдық ерекшелігігіне дұрыс таңдалмаса, ол қолайсыз болып, адамның өз бетінше әрекет ету мүмкіндігін шектеуі және оңалтудың тиімділігін төмендетуі мүмкін. Сондықтан біздің міндетіміз – жай ғана кресло-арба немесе жүріп-тұруға арналған құрал беру емес, адамды оның нақты қажеттілігіне сәйкес келетін құралмен қамтамасыз ету», – деп түсіндірді Сырым Нәси.
2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қайтарымды модель пилоттық жоба ретінде Алматыда да іске қосылады. Әзірге жоба кресло-арбалар мен жүріп-тұруға арналған құралдарды қамтиды. Жобаға қатысуға қатысты барлық сұрақтар бойынша орталықтың бас кеңсесіне: Желтоқсан көшесі, 65 мекенжайы бойынша хабарласуға болады.
Бұдан бөлек, кохлеарлық имплантациядан кейін балаларды цифрлық технологияларды пайдалана отырып үздіксіз есту-сөйлеу оңалту моделін енгізу жобасы жүзеге асырыла бастады. Қазіргі таңда орталық пен оның жеті бөлімшесінде жыл сайын шамамен 380 бала офлайн оңалту курсынан өтеді. Алайда мұндай көмекке мұқтаж балалардың саны бұдан да көп.
Цифрлық маршруттың мақсаты – орталықтағы офлайн оңалтуды курстар арасындағы кезеңде қашықтан сүйемелдеумен біріктіру.
Солтүстік Қазақстан облысында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп, FSM Social платформасында арнаулы әлеуметтік қызметтер алушыларды сүйемелдеудің гибридті моделі сынақтан өткізіліп жатыр.
Ал Алматыда мүгедектігі бар адамдардың техникалық оңалту құралына деген жеке қажеттілігін анықтаудың жаңа әдістемесін сынақтан өткізбек.
«Біз ғылыми зерттеудің әдістемеге негіз болғанын, ал әдістеменің тәжірибеде сынақтан өтіп, нәтижесі бағаланатын нақты жұмыс моделіне айналғанын қалаймыз. Бала мен оның отбасы оңалту қызметіне тек мекеме қабырғасында ғана емес, өздеріне үйреншікті жерде де қол жеткізуі керек. Техникалық оңалту құралы адамның қажеттілігіне сай болуы тиіс. Біз мемлекеттік органдармен, ғылыми қауымдастықпен, бизнеспен және ең бастысы, адамдардың өздерімен және олардың отбасыларымен кәсіби диалог пен бірлескен жұмысқа ашықпыз», – деп сөзін қорытындылады Сырым Нәси.