Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында биыл Алматыда кемінде 51 мың жұмыс орны ашылады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның 45,3 мыңы (88,5%) тұрақты жұмыс орны болады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Әділет Дәулетұлы Жаңабаев осылай деді.
Оның айтуынша, Еңбек мобильділігі орталығының қызметі үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: шағын және орта бизнестің жаңа жұмыс орындарын ашуына қолдау көрсету, жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру және салалық тұжырымдамаларды орындау.
Биылғы екінші тоқсанда Еңбек мобильділігі орталығына жұмыс іздеп 39,2 мың алматылық жүгінген. 33,7 мыңына жұмыссыз мәртебесі беріліпті.
Осы кезеңде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шарасына 13,3 мың адам тартылды. 10 мың алматылық тұрақты жұмысқа немесе субсидияланатын жұмыс орнына орналасты. Сонымен қатар 1,2 мың бастауыш кәсіпкер «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында қолдау алып, 2,1 мыңнан астам адам оқытудан өтті. Оның ішінде 1 692 адам Skills.enbek онлайн-платформасында, 375 адам офлайн форматта білім алды. 9 539 мектеп оқушысы мен студент те кәсіптік бағдарлау жұмысымен қамтылды.
Жыл басынан бері мемлекеттік тұжырымдаманы іске асыру мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінің арқасында 11 144 жұмыс орны құрылды. Оның 11 018-і (98,9%) тұрақты жұмыс орны болып отыр.
Сонымен қатар, спикердің айтуынша, еңбек нарығында тіркелген жұмыссыздар саны мен ресми жарияланған бос жұмыс орнының арасында едәуір айырмашылық бар екен.
«Алматыда шамамен 34 мың жұмыссыз тіркелген. Бірақ enbek.kz электрондық еңбек биржасында 4 403 жұмыс орнына арналған бар болғаны 1 908 бос жұмыс орны туралы хабарландыру жарияланды. Бұл жұмыс берушілердің көбі кадрға қажеттілік туралы ақпаратты уақытылы жарияламайтынын көрсетеді», – деді Әділет Жаңабаев.
Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, Электрондық еңбек биржасында бос жұмыс орындарын жариялау – жұмыс берушілердің заңмен белгіленген міндеті ғана емес, сондай-ақ қызметкерлерді іздеудің тиімді құралы. Портал арқылы жұмыс берушілер персоналды тегін іріктей алады, республика бойынша бірыңғай жұмыс іздеушілер базасын пайдаланады, жұмыспен қамту органдарымен жедел жұмыс істесіп, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Орталықтың мәліметіне сәйкес, жұмыс берушілердің заң талабын сақтауын үнемі бақылап отырады. Тексерудің нәтижесінде кейбір ұйымдардың бос жұмыс орны туралы мәліметті мүлде жарияламайтыны немесе белгіленген мерзімді бұза отырып орналастыратыны анықталған.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 103-бабының 2-тармағына сәйкес, жұмыс берушілер бос жұмыс орындары туралы мәліметті вакансия пайда болған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей Электрондық еңбек биржасына орналастыруға міндетті.
Бұл талапты орындамаған немесе ақпаратты уақтылы жарияламағандар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 98-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл 10 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін жетуі мүмкін.
Бұдан бөлек, жұмыс берушілер Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) еңбек шарттары туралы мәліметтерді уақытылы енгізуі тиіс. Мәліметтерді кешіктіріп, толық емес немесе дұрыс емес енгізу де әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Сөз соңында Әділет Жаңабаев жұмыс берушілерді заң талабын қатаң сақтауға, Электрондық еңбек биржасына бос жұмыс орны туралы мәліметті уақытылы жариялап, Еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі деректерді үнемі жаңартып отыруға шақырды. Оның айтуынша, бұл еңбек нарығының ашықтығын арттырып, мемлекеттік жұмыспен қамту саясатының тиімділігін күшейтіп, Алматы тұрғындарының жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.