Студент дәстүрлі балама курсты да таңдай алады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жасанды интеллект кино, теледидар мен театр қойылымын жасаудың тәсілін әлден өзгерте бастады. Бірақ ол шығармашылық мамандықтағы адамның орнын толық баса алмайды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының өкілдері осылай деді.
Кино мен телевидение факультетінің деканы, PhD докторы Мадина Бакееваның айтуынша, соңғы онжылдықта киноиндустрия кинопленкадан цифрлық технологияларға көшу, сызықтық емес монтаждың пайда болуы мен постпродакшнның осы заманғы құралдарының енгізілуі сияқты бірнеше үлкен технологиялық өзгерісті бастан өткеріпті. Қазір осы үдерістің жаңа кезеңі жасанды интеллект технологияларымен қабаттаса дамып жатыр.
Бірнеше жыл бұрын ЖИ негізінен шуды азайту, түсті түзету немесе субтитрді автоматты түрде жасау үшін қолданылса, қазір технологиялар өндірістің барлық дерлік кезеңінде пайдаланылады. Оған сценарий мен раскадровка жасаудан бастап, монтаж, музыка, визуалды эффектілер мен дайын контентті ілгерілетуге дейінгі жұмыс жатады.
«Бірінші курсқа түсіп жатқан студент қазір оқу бітірген кезде жасанды интеллектті меңгеру, камерамен, монтаж бағдарламасымен жұмыс істей білу сияқты базалық құзыретке айналған индустрияда еңбек етеді», – деді спикер.
Факультетте оқу бағдарламасына кино өндірісі мен ЖИ қолдануға байланысты төрт таңдау пәні енгізілген. Студент дәстүрлі балама курсты да таңдай алады. Академия өкілдері жаңа технология оның шығармашылықты алмастырмай, автордың қолындағы құрал болып қана қалуы керек деген пікір айтты. Бұл әсіресе дипломдық жобаларға қатысты.
«Дипломдық жұмыс түлектің кәсіби дағдысының қалыптасқанын көрсетуі керек. Біздің міндетіміз студенттерді технологиядан оқшаулау да, оған толықтай берілу де емес, оны саналы, сыни тұрғыдан және этикалық тұрғыда пайдалана білуді үйрету», – деп толықтырды сөзін декан.
Жасанды интеллект визуализацияны, бастапқы раскадровканы, бейнеүзіндіні жылдам жасап, дауыс пен музыканы синтездей алады. Алайда нейрожелінің өзіндік өмірлік тәжірибесі, мәдени жады немесе авторлық ұстанымы жоқ. Көрерменге нені көрсетіп, шығармаға қандай мағына беру керектігін, әсерлілік пен көркемдік адалдықтың өлшемін әлі де адамның өзі шешеді.
Жасанды интеллект адамды толықтай алмастыра алмайтынына «Театр өнері» факультетінің деканы Мадияр Сарыбай да сенімді. Оның айтуынша, бұл әсіресе театр өнерінде анық байқалады, өйткені оның негізінде актер мен көрермен арасындағы тікелей байланыс жатыр.
«Сахнадағы актер жай ғана жаттаған мәтінін айтып шықпайды. Ол кейіпкердің тағдырын бастан өткереді, серіктесі мен көрерменнің тынысын сезінеді. Жасанды интеллект адамның дауысын, сыртқы келбетін, тіпті эмоция көрінісін де қайталай алады. Бірақ ол адамның жай-күйін қайталап, сахнадағы шынайы сезімді бастан кешіре алмайды», – деді Мадияр Сарыбай.
Сонымен қатар ЖИ режиссерлер мен драматургтерге материал іздеу мен тарихи контексті зерттеу кезінде, сценографтарға декорация нұсқаларын әзірлеуде, суретшілерге образдарды алдын ала дайындауда, ал студенттерге үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеуде пайдалы болуы мүмкін.
Алайда спикерлердің айтуынша, дайын шешімге шамадан тыс тәуелділік студенттердің өз бетінше ойлау, іздену мен қателесу қабілетін әлсіретуі мүмкін. Өйткені шығармашылық тұлғаның қалыптасуында дәл осы үдерістің маңызы зор.
Тағы бір маңызды мәселе – авторлық құқық пен этика. Актердің дауысы немесе бейнесін рұқсатсыз пайдалану, нейрожелілерді оқыту үшін қолданылған материалдардың шығу тегі, сондай-ақ ЖИ көмегімен жасалған туындылардың авторлығын анықтау мәселелері өзекті болып отыр.
Академия өкілдерінің пікірінше, технологияның дамуына байланысты шығармашылық мамандықтар жойылып кетпегенімен, өзгереді. Болашақ режиссерлер, актерлер, операторлар, продюсерлер мен басқа да мамандарға жаңа құралды меңгеруге тура келеді. Сонымен бірге олар ең маңызды нәрсені – өзіндік көзқарасы мен жасап жатқан туындысы үшін жауапкершілігін сақтауы керек.
«Шығармашылық мектептің міндеті – генерациялау батырмасын басуды білетін мамандарды емес, оны не үшін және қашан қолдану керектігін, сондай-ақ көрерменге қандай мағына жеткізгісі келетінін түсінетін мамандарды даярлау», – деп қорытындылады Мадина Бакеева.