Қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында, вокзалдарда немесе аялдамаларда қараусыз қалған сөмке, пакет не белгісіз затты байқаған жағдайда оны өз бетінше тексеруге болмайды. Мұндай кезде тұрғындардың дұрыс әрекеті ықтимал қауіптің алдын алуға көмектеседі, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мамандардың ескертуінше, жарылғыш құрылғылар сырттай қарағанда қарапайым тұрмыстық заттарға ұқсауы мүмкін. Сондықтан иесі белгісіз затты көргенде оған жақындамай, қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.
Күдікті затты байқасаңыз, не істеу керек?
Біріншіден, затқа жақындамаңыз, оны ұстамаңыз, ашпаңыз және орнынан қозғамаңыз.
Екіншіден, айналадағы адамдарды сабырмен ескертіп, мүмкіндігінше қауіпті аумақтан алыстаңыз. Адамдардың затқа жақындауына жол бермеңіз.
Үшіншіден, қауіпсіз жерге шыққан соң 102 немесе 112 нөміріне хабарлаңыз. Заттың нақты орналасқан жерін, сыртқы белгілерін және оны қай уақытта байқағаныңызды айтыңыз.
Төртіншіден, полиция мен арнайы қызмет өкілдерінің нұсқауларын орындаңыз. Егер нысаннан эвакуациялау басталса, белгіленген бағытпен шығып, кері қайтуға тырыспаңыз.
Қандай әрекеттерге болмайды?
Күдікті затты қолмен ұстауға немесе ашуға;
оны басқа жерге апаруға;
заттың жанында телефонмен сөйлесуге немесе радиоэлектрондық құрылғыларды пайдалануға;
оны суретке түсіру үшін жақындауға;
әлеуметтік желіде тексерілмеген ақпарат таратуға болмайды.
Қауіпсіздік мамандары мұндай жағдайда өз бетінше шешім қабылдамай, жауапты қызметтерге хабарлауды ұсынады.
Есте сақтаңыз: күдікті затқа немқұрайлы қарамау және уақтылы хабарлау адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.