Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуінде Алматы теміржолы маңындағы мәселе көтерілді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.
Тұрғын сауалы:
Менің екі сұрағым бар. Біріншісі Алматы теміржол вокзалына қатысты. Жеңіл көлік қозғалысын реттеу керек. Вокзал алдында үнемі кептеліс болып тұрады. Бұл көлік тығыны Шолохов көшесіне дейін созылады. Оның үстіне Ақан сері көшесімен келе жатқанда солға бұрылуға тыйым салынды. Алматыдағы бірінші вокзалға 50 жыл болады. Сондықтан оған аз да болса жөндеу жұмыстарын жүргізуіңізді сұраймыз.
Екінші мәселе, 1927 жылы құрылысы басталып, 1930 жылы аяқталған Түрксібтің жүз жылдығы жақындап қалды. Біздің аудан осы атақты теміржолдың атымен аталғаны белгілі. Сондықтан оның ғасырлық мерейтойына орай Алматы-1 теміржол вокзалының алдына Түрксіб заманынан қалған паровоз қойылса дейміз. Аудан әкімдігімен сөйлестік, түсіністік бар. Осы мәселені қарастырып, рұқсат беруіңізді сұраймыз.
Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың жауабы:
Біріншіден, екі станция да өте маңызды көлік инфрақұрылымы жүйесі болып табылады. Алматы-1 теміржол вокзалы маңындағы аумақты ретке келтіру керек. Вокзал маңында автотұрақ ретінде ұйымдастыруға болатын жеке аймақ бар. Мен жер қатынастары бөліміне осыны қарауды тапсырдым. Бәлкім, аумақты көп көліктерден босату үшін көп деңгейлі автотұрақтар салу керек болар.
Жолаушыларды алып кету үшін сызық бойына тізілген такси жүргізушілерінің арқасында кептеліс пайда болады. Солға бұрылуға келсек, қалалық мобильділік басқармасына тез арада жағдайды анықтап, шешім қабылдауды тапсырамын. Трафикке келетін болсақ, жағдайды соңына дейін анықтап, мәселе шешілуі тиіс. Вокзалды жөндеу үшін, екі станцияны да Қазақстан теміржолына қайтарамыз деп шештік. Олар жөндеу жұмыстарын жоспарлап, вокзалды дамыту үшін қаржы салуды көздеп отыр.
Түрксібтің жүз жылдығына келсек, әкімдерге, қалалық комиссияға тапсырма беріледі. Ауданның атауы осы теміржолдан шыққандықтан, бұл мереке ерекше аталуы да тиіс. Жоғарыда айтып өткенімдей, 2023 жылы Түрксіб ауданына 85 жыл толады. Осыған байланысты сіздерді тағы да құттықтаймын! Іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәслихат өз жұмысын бастаған бойда биылғы жылы Түрксіб өңірінің барлық өзекті мәселелерін шешуді сұрап, оған жүгінетін боламыз.