Алматы қаласындағы Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті колледжінде «Заң мен тәртіп – әділ қоғам» тақырыбында қорытынды конференция өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» апталығының қорытындысы ретінде ұйымдастырылып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және психологиялық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне арналды.
Конференция жұмысына колледж оқытушылары мен студенттері, Бостандық ауданы прокуратурасының өкілдері, ювеналды полиция қызметкерлері және Алматы қаласы Білім басқармасының Психологиялық қолдау орталығының мамандары қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз әлеуметтік орта қалыптастыру.
Конференция барысында Бостандық ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Мұқаш Ақжол Серікұлы жасөспірімдер құқықбұзушылығыныңалдын алу бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңыздылығына тоқталды.
Өз сөзінде прокурор жастар арасында құқықтық тәрбиені күшейту – құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолы екенін атап өтті.
«Жасөспірімдердің заң талаптарын білуі – олардың болашақтағы жауапты азамат болып қалыптасуының негізі. Құқықтық мәдениет отбасында, білім беру ұйымдарында және қоғамда бірлескен жұмыс арқылы қалыптасады», – деді спикер.
Сондай-ақ ол интернет алаяқтық, буллинг және кибербуллинг тәуекелдерінің артып отырғанын айтып, жастарды құқықтық жауапкершілікті ерте жастан түсінуге шақырды.
Бостандық ауданы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің кәмелетке толмағандардың учаскелік полиция инспекторы полиция лейтенанты Бегалы Бағжан Мұратұлы жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне тоқталды.
Оның айтуынша, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі бақылаусыздық, интернет кеңістігін дұрыс пайдаланбау және орта ықпалының әсерінен орын алады.
«Профилактикалық жұмыстардың мақсаты – жазалау емес, жасөспірімдерді дұрыс бағытқа бағыттау. Сондықтан білім беру ұйымдарымен бірлескен түсіндіру жұмыстары ерекше маңызға ие», – деді полиция қызметкері.
Алматы қаласы Білім басқармасының Психологиялық қолдау орталығының әдіскері Болат Аяулым Айдынқызы буллинг, кибербуллинг және аутодеструктивті мінез-құлық мәселелеріне тоқталды.
Маман жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайына назар аудару, ерте кезеңде психологиялық өзгерістерді анықтау және қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті.
«Психологиялық қауіпсіз орта – баланың тұлғалық дамуының негізгі шарты. Уақытында көрсетілген қолдау көптеген тәуекелдердің алдын алады», – деді психолог.
Конференция барысында колледжімізде ұйымдастырылған «Заң мен тәртіп» апталығының қорытындысы шығарылып, іс-шара нәтижелері таныстырылды. Апталық қорытындысын колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қараней Данагүл Тастемірқызы баяндап өтті.
Өз сөзінде спикер «Заң мен тәртіп» апталығының негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті. Сонымен қатар апталық аясында өткізілген кездесулер, ашық диалог алаңдары, профилактикалық дәрістер мен тәрбиелік іс-шаралар студенттердің құқықтық санасын нығайтуға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталғанын айтты.
Іс-шара соңында қатысушылар құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Конференция студенттер мен құқық қорғау органдары арасындағы ашық диалог алаңына айналып, жастардың құқықтық сауатын арттыруға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға үлес қосты.