2026 жылғы 9 қазанда сағат 10:00-де Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің аппаратының қолдауымен, «Kumis Khasyr» қоры мен Әуезов ауданының Белсенді ұзақ өмір орталығының ұйымдастыруымен қалалық үстел теннисі турнирі өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Спорттық іс-шара Қарттар айы аясында ұйымдастырылып, Алматы қаласының сегіз ауданындағы Белсенді ұзақ өмір орталықтарының қатысушыларын бір алаңға жинады. Турнирге барлығы 12 команда қатысты. Әр команданың құрамында екі ер адам және бір әйел адам болды.
Жарыстың басты мақсаты — аға буын өкілдері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене белсенділігін арттыру, спортқа деген қызығушылықты қолдау және ауданаралық достық байланысты нығайту.
Турнир барысында қатысушылар жоғары дайындықтарын, шапшаңдықтарын, ептіліктерін және жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Ойындар тартысты әрі әсерлі өтіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар төмендегідей анықталды:
- І орын — Әуезов ауданы. Жүлде қоры — 100 000 теңге.
- ІІ орын — Медеу ауданы. Жүлде қоры — 60 000 теңге.
- ІІІ орын — Әуезов ауданы. Жүлде қоры — 30 000 теңге.
Аталған турнир аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын ұстануға, өз мүмкіндіктерін көрсетуге және жаңа достық қарым-қатынас орнатуға ықпал етті.