Зейнет жасына жету де бір бақыт. Бірақ қарттар көп жағдайда, әсіресе, қалалықтар өзін қоғамға енді керексіз жандай сезініп, осымен өмірі тоқтап қалғандай, түрлі ойға беріліп, жаны жалғызсырап, күйзеліске бой алдырып, төрт қабырғада қамалып отырып қалуы кәдік. Осы ретте оларға шаһардағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы айнымас серік бола алады. Бұл – мемлекет ұсынған әлеуметтік үлкен маңызға ие жоба.
Алматы қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына келіп жүргеніне екі жылдан асқан алматылық зейнеткер Мафруза Нұртазина нағыз қайнаған өмір осында дейді.
Жұбайы екеуі үш перзент сүйді. Бәрін де аяқтандырды. Үшеуі де мамандықтары бойынша Астанада қызмет етіп жатыр. Немерелері де елордада. Бір әулет мерекелерде, балалардың демалысында қауышып, мәре-сәре болады. Ал қалған уақытта ата мен әженің екеуден-екеу үйге сыймай кететіні бар.
Ең алғаш «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына бұл қандай жер болды екен деп қызығушылықпен келе салғаны рас. Ресми бір мекемеге келе жатқан шығармын деп ойлаған сәтін де ұмытпайды. Бірақ еңселі де заманауи ғимараттың табалдырығынан аттағаннан-ақ жанын әлдебір жылылық баурап алған.
– Музыкаға жақындығым бар еді. Талай жыл қолым тимеген, сандықтың түбінде жатқан виолончель аспабымды шығардым. Қазір ансамбльде өнер көрсетіп жүрміз. Ән де жанды емдейді. Алматыда өтетін іс-шаралардың бәрінде біз жүреміз. Бізде ән салып, би билейтін зейнеткерлер өте көп. Шетінен өнерлі. Домбыра, гитарада ойнайды. Домбырадан «Алатау» дәстүрлі өнер театрының жетекші актеры Нұрболат Исаев сабақ береді. Қолөнермен, спортпен айналысатын жандар да аз емес. Бәрі де ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеп, қатарға қосқан, бала-шағасы жан-жақта табысты қызмет етіп жүр. Жас ұрпаққа берер өнегесі әлі де бар. Бұл орталық талай замандастың өмірге деген құлшынысын арттырды, күнделікті тыныс-тіршілігіне нәр, әр, ән берді деп сенімді айта аламын. Өмірден көрген-түйгені мол тәжірибелі жандардың бір-бірімімен жақын танысып, шүйіркелесіп, әңгімелесуден басталған әңгімелері қазір достыққа, шығармашылық одаққа айналды, – дейді зейнеткер Мафруза Нұртазина.
***
Ал «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының бөлім жетекшісі, «Асыл әжелер» модельдер тобының мүшесі Зина Сайлауқызы «бізде ауыруға, түшкіріп-пысқырып қалсақ, дәріханаға баруға да уақыт жоқ» деп әзілдейді. Себебі, олар үнемі қозғалыста, қай бағытта да белсенді, сергек. Әсіресе, шығармашылық ұжымдары халықаралық байқаулар мен фестивальдерден айтулы жүлделерімен оралып жүр. Аталған орталық жанынан 5 би ансамблі, 3 домбыра оркестрі жұмыс істейді.
– «Алматы әжелері» модельдер тобы төрт мемлекетте өнер көрсетіп келдік. Қырғызстандағы халықаралық этно-фестивальде 1-орын иелендік. Этностильдегі жарқын киімдеріміз, талғампаз жастағы әйел-аналардың дефилесі, алматылық әжелер көрсеткен ұлттық әшекейлер көрерменнің көңілінен шықты. Италиядағы халықаралық сән апталығына да, Түркиядағы этнофестивальге де қатысып келдік. Мен шет елдерге шыққанда ылғи сұрап жүремін. Сонда Қырғызстан мен Түркияда қарттарға арналған біздегідей жобалар жоқ деді. Ал бізге мемлекет тарапынан жасалып отырған осындай мүмкіндіктерге неге алғыс айтпасқа?!», – дейді Зина Сайлауқызы.
Иә, орталықтың зейнеткерлері шығармашылық алаңдарда өздерін белсенді көрсетіп жүр. Мәселен, былтыр «Айналайын» ансамблі халықаралық өнер байқауында гран-при жеңіп алды, ал «Алматы әжелері» егде жастағы модельдер жобасы шеңберінде Италиядағы сән апталығында Қазақстанды таныстырып шықты.
Күні кеше Дубайдағы TODA театрында режиссер әрі продюсер Ольга Сапожникова түсірген «Ұзақ өмір» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Іс-шара аясында фильмнің басты кейіпкерлері – «Алматы әжелері» тобының мүшелері «Ақ кербез» сән топтамасын ұсынды.
Айтпақшы, осы ақпан айының ішінде мегаполис төріндегі Мемлекеттік орталық музейде зейнеткерлер салған суреттерден көрме өтеді.
– Ешқашан қолына қылқалам ұстамаған замандастарымның екінші тынысы ашылып, сурет салуға деген қызығушылығы оянып, белгілі суретші Марлен Нысанбайұлының қолдауымен 31 адам сурет салды. Көрмеге 96 жұмыс қойылатын болады. Бұл тамаша ғой! Бізге күш-қуатты қайдан аласыздар деген сұрақ жиі қойылады, біз оны осындай өнер әлемінен аламыз, – дейді кейіпкеріміз.
***
Алматы қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында қарттарға 40-тан астам қызмет түрі көрсетіледі. Бірде-бір үйірме бос емес. Дегенмен, би, хор, домбыра, қолөнер, кескіндеме және спорттық үйірмелерге сұраныс жоғары.
78 жастағы Ғалия Тоқтарбаева кезінде кәсіби бимен айналысқан екен. Алматының тумасы. 1965 жылы №23 орта мектепті бітірген. Ал 1967 жылы республикалық Алматы эстрада-цирк колледжін тәмамдаған. 1967-86 жылдары «Қазақконцерт» қазақ гастрольдік-концерттік бірлестігі балетінің солисі болған. Эстрада-цирк колледжінде ұстаздық еткен. Ұзақ жылғы педагогикалық еңбегі бағаланып, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін иеленген. Қазір де қоғамға, адамдарға керек, сондықтан да кәсіби биші әже замандастарына биден сабақ беріп жүр. Өзі барлық халықтың билерін біледі. Би үйірмесіндегі зейнеткерлердің музыкаға ілесіп, аяқ-қолы да жаңылмай еркін билеп жүргені қызықтырды бізді. Ал бәрінен де жасы үлкен 78 жастағы Ғалия Бекешқызының, яғни ұстаздың қимылы олардан да ширақ. Би элементтерін анық, еркін жасайды. Таңданбасқа шараңыз қалмайды.
– Би арқылы ми мен денені қатар шынықтырамыз. Тепе-теңдік болған жерде үйлесімділік үстемдік құрады. Би – бұл ішкі еркіндік. Әдемі қимыл-қозғалыс арқылы сезімге дем береміз. Би арқылы бойымызға қан жүгіреді, сергиміз, ширай түсеміз, көңіліміз көтеріледі. Бұл қарттарға арналған орталық болғасын тек егде жастағы адамдар келеді ғой. Көбінің аяғы қақсайды, тізе, буындары ауырады, кәрілік қоя ма, бел де бүкірейе түседі. Қан қысымының көтеріліп кетуі де жақсы емес. Міне, осындай кезде бізге қимыл-қозғалыс, би көмекке келеді. Жағымды әуенді қоямыз да, әдемі ырғақпен билеп ала жөнелеміз. Көп замандасымның бала-шағасы өскен, кейбірінің шалы немесе кемпірі қайтыс болғасын, қайғыға төзе алмай уайымға салынуы мүмкін. Ал біздің Орталық ешкімді жалғыз қалдырмайды. Би аяқталған соң, бір сәт демімізді басып, бәріміз бірге отырып, шүйіркелесіп шәй ішеміз. Ертеңіне тауға шығамыз. Келесі күні музейге барамыз. Біз бір-бірімізге дос, бауыр болып кеттік. Жақсы көңіл-күй де өмірді ұзартады, – дейді Ғалия әжей риза кейіппен.
***
Жалпы, Алматы – Қазақстандағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ең бірінші болып ашылған тұңғыш қала. Бүгінде қанатын кеңге жайып, шаһардың барлық ауданында жұмыс істеп тұр. Оның ішінде қалалық орталықтың 4 филиалы бар. Орталық мақсаты – ұзақ жылдар жұмыс істеп, еңбегінің зейнетін көретін жасқа жетіп, зейнет демалысына шыққан аға буынға қолдау көрсету, олардың өзін қоғамға әлі де керек екенін сезінуіне жағдай жасау, өмір сүру сапасын арттыратын зияткерлік, мәдени-рухани шығармашылық, қоғамдық іс-шараларға кеңінен тарту.
Әдетте сергек, белсенді жандардың жасы да ұзақ болады. Еліміздің тарихында тұңғыш рет орташа өмір сүру ұзақтығы рекордтық көрсеткішке жетті – 74,44 жас, ал Алматыда ол 78 жасты құрайды, бұл елдегі ең жоғары көрсеткіш.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарына келетін жалғызілікті қарттар да аз емес. Солардың арасында бір-бірімен әңгімесі, көңілі жарасып, бас қосып жатқандары да бар. Осы орталық қүрылғалы бері төрт жұп бас құрады. Бұл – өмір. Қартайған шақта бір-біріне сүйеу болып, қалған ғұмырын мағыналы өткізуге ниет еткен жандарға, әрине, бақыт тілейміз.
***
– Алматы қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында арнайы психолог, дәрігер мамандар жұмыс істейді. Біз қарттардың денсаулығын жіті бақылап отырамыз. Орталыққа алғаш келген адаммен жеке-жеке тілдесіп, жағдайын, денсаулығын біліп, соған орай үйірмелерге бөлеміз. Біреуінің тізесінің ауруын би немесе йога, ал енді бірінің көңіліндегі алаңды қолөнер сейілтуі мүмкін. Қариялардың арасында көбіне тірек-қимыл аппаратының кінәраты, артрит, артроз, жүрек аурулары кездеседі. Міне, қазір біздің Орталықтың жұмыс істегені үшінші жылға кетіп бара жатыр десек, барлығы 6079 адам келеді. Соның ішінде 500-інде жүрек ауруы болған десек, емдік дене шынықтыру, айкуне гимнастикасы, йога, кинезиология, скандинавиялық жүріс сынды қызмет түрлерінің арқасында 20 пайызының денсаулығы жақсарғанын байқадық. «Сіздерге келгелі аяғымның ауырғаны қойды, қан қысымым да тұрақталды» дейтін қариялар аз емес. Түрлі үйірмелерге қатысып, көңіліміз де жасарып қалды дейді. Аға буын қандай құрметке де лайықты, – дейді Алматы қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының дәрігері Гүлхаят Маханқызы.