Интернет-алаяқтықтан қалай сақтанған жөн?
Бүгінгі таңда көптеген азаматтардың өмірін ұялы телефондарсыз және интернетсіз елестету қиын. Азық-түлікке, тауарларға тапсырыс беру, шоттарды төлеу және т.б. үйден шықпай-ақ жасауға болады, кейбіреулер үшін бұл уақытты үнемдеуге және өмірді мүмкіндігінше жеңілдетуге тамаша мүмкіндік, ал басқалары үшін – алаяқтық әрекеттің үлкен өрісі ашылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Жүргізілген талдау соңғы 5 жылда интернеттегі алаяқтықтардың көбейгенін көрсетті. Сонымен қатар, мұндай қылмыс түрлерін ашу 4,3 есеге жақсарды. Биылғы жылдың басынан бері Алматыда 1 560 интернет-алаяқтық тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 34,6%-ға аз. Белсенді профилактикалық жұмыстар шешуші рөл атқарды. Біз барлық жерде алаяқтық жасаудың әдістері мен тізбектері, қауіпсіздік шараларын сақтау туралы жалықпай айтамыз, тақырыптық бейнероликтер таратамыз», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Алматы полициясы мыналарды қатаң түрде ұсынады:
– банк картасының деректемелерін, сондай-ақ жеке басын куәландыратын деректеріңізді (жеке куәліктің суреті, банк картасының суреті, картаның артқы жағындағы үш таңбалы CVV коды) ешкіммен бөліспеңіз.
– Интернетте сатып алынған тауар үшін алдын ала төлем салмаңыз, тауарды сатып алмас бұрын интернет-дүкеннің беделін мұқият тексеріңіз.
– OLX.KZ, Market.kz, Kolesa.kz, Krisha.kz мобильді қосымшалары арқылы тауарды, жылжымайтын мүлікті немесе автокөлікті сатқанда абай болыңыз, төлемді жеке кездескенде алған дұрыс немесе бейне қоңырау арқылы тұтынушының адалдығына көз жеткізіңіз.
– тауарды, көлікті, пәтерді жалға беру туралы хабарландыруда ең алдымен алдын ала төлем жасау керектігі көрсетілсе немесе сатушымен тек WhatsApp арқылы байланыс болатыны көрсетілсе, абай болыңыз, Qiwi, Yandex деньги және т.б.электронды жүйелері арқылы ешқашан алдын ала төлем салмаңыз.
– әртүрлі “мессенджерлер” және әлеуметтік желілер арқылы сізге жіберілетін күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, өйткені бұл вирустық файлдар мен қолданбалар болуы мүмкін, олар қаскөйлерге мобильді банкингтегі ақшаңызға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
– әртүрлі сайттарға банк картаңыздың деректемелерін енгізбеңіз, себебі бұл сіздің жеке ақпаратыңызды жинау үшін арнайы жасалған, кейінірек банк картаңыздан рұқсат етілмеген төлемдер үшін пайдаланылатын “фишингтік” сайттар болуы мүмкін.
– Интернетте ақшаңызды көбейтуге уәде беретін немесе үлкен ақшалай сыйлық ұтқаныңыз туралы хабарлайтын күмәнді конкурстарға қатыспаңыз.
– криптовалюталарға, акцияларға, бағалы металдарға және т.б. инвестициялау арқылы үлкен дивидендтер уәде ететін күмәнді жобаларға инвестиция салмаңыз. Компанияның сенімді екеніне көз жеткізіңіз, Интернетте шолулар мен пікірлерді оқыңыз, сізге әртүрлі елдердің абоненттік нөмірлерінен қоңырау шалып, өз компаниясына инвестициялаудың артықшылықтары туралы сенімді түрде айтуы мүмкін (QuestraWorld, AssetWorldManagement және т.б.).
– алаяқтық әрекеттер анықталса, дереу полицияға хабарласыңыз, барлық хат-хабарларды сақтаңыз, экраннан скриншот жасап алыңыз (кейбір мессенджерлерде қылмыскерлер диалогты толығымен жоя алады), егер сіз алдын ала төлем салу үшін банкоматты немесе терминалды пайдаланған болсаңыз, түбіртектерді сақтаңыз.