Алматыда Mastercard, Almaty Tourism Bureau және Visit Almaty бірлесіп дайындаған «Алматыдағы туризм 2025» есебінің таныстырылымы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Есеп төлем жүйесінің анонимдендірілген транзакциялық деректері мен Mastercard Tourism Insights аналитикалық платформасы негізінде әзірленген.
Жалпы алғанда, Қазақстанда туризм саласы қарқынды дамып отыр, ал Алматы Орталық Азиядағы туристік өсімнің негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді. Табиғи парктердің жақындығы, бірегей мәдени орта, халықаралық ауқымдағы іс-шаралар санының артуы және әуе қатынасының кеңеюі қаланың туристер үшін тартымдылығын күшейтіп, экономикасының дамуына оң ықпал етуде. Есепке сәйкес, 2025 жылы талданған 15 елден келген шетелдік туристердің жалпы шығыны 40%-ға артқан.
Әлемдік трендтер және Қазақстан
Қазақстан табиғи әлеуеті жағынан өңірдегі көшбасшылардың бірі саналады. Табиғатты туристерді тартудың негізгі өзегі ретінде пайдалана отырып, ел өзінің тартымдылығын оқиғалық туризм арқылы одан әрі арттыра алады.
2025 жыл Қазақстандағы оқиғалық туризмнің әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 2025 жылы күзде Алматыда өткен УЕФА Чемпиондар лигасының матчтары, сондай-ақ халықаралық поп-жұлдыздардың концерттері экономикалық жағынан ең жоғары тиімділік көрсетті.
Қазақстанға, әсіресе Қытай мен Үндістан сияқты Азия нарықтары тарапынан қызығушылықтың артуы экотуризмге сұраныстың өсуі секілді жаһандық трендтермен үндесіп отыр. Бұл факторлар, сондай-ақ Азия елдеріндегі орта таптың ұлғаюы Қазақстан мен Алматы үшін туристік саланы одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.

Турист профилі мен мінез-құлқы
Басқа қалалармен салыстырғанда, Алматы демалыс пен экотуризм орталығы ретіндегі орнын күн санап нығайтып келеді. Lifestyle-туризмге бетбұрыс Орталық Азия мен Кавказдағы ұқсас қалалармен салыстырғанда мұнда жылдамырақ байқалады, ал іскерлік туризмнің өсу қарқыны біршама баяу.
Сонымен қатар, Алматы негізгі серіктес нарықтар үшін маңызды экономикалық орталық болып қала береді. Мәселен, Түркиядан келетін қонақтардың үштен бірі (34%) Алматыға іскерлік мақсатпен келеді. Сондай-ақ, Италиядан (28%) және Қытайдан (20%) келетін саяхатшылардың да едәуір бөлігі сапарын осы мақсатта жоспарлайды.
Алматыға келетін туристердің негізгі бөлігін жұппен және жеке саяхаттаушылар алып отыр. Ал жаңа өсім бағыты ретінде отбасылық туризм алға шығып отыр. Қазіргі таңда бұл сегментте Парсы шығанағы елдері көш бастап тұр: Сауд Арабиясы, БАӘ және Катардан келетін қонақтардың тиісінше 35%, 35% және 30%-ы Алматыға отбасымен бірге келеді. АҚШ, Оңтүстік Корея және Франция жеке саяхаттаушылардың негізгі нарықтары болып қала береді: бұл елдерден келетін туристердің тиісінше 50%, 48% және 48%-ы Алматыға жалғыз өзі сапар шегеді.

Жаһандық қызығушылық артып келеді
Алматы — Орталық Азиядағы интернетте ең көп ізделетін бағыт. Қала халықаралық деңгейде кеңінен мойындалды: ол CNN Travel нұсқасы бойынша 2025 жылға арналған әлемдегі үздік туристік бағыттар тізіміне еніп, Орталық Азияның «Capital of Cool» қаласы ретінде аталды. Сондай-ақ, Bloomberg Алматыны 2026 жылы баруға ұсынылатын 25 үздік бағыттың қатарына қосты (сілтеме).
2025 жылы Алматыға деген қызығушылық шамамен 1,5 есеге артты, ал сапарды жоспарлау мерзімі орта есеппен 8 күнге ертерек басталған. 2024 жылмен салыстырғанда Алматыға әуе билеттерін іздеу саны 73%-ға өсті, ал 2023 жылмен салыстырғанда қаланың танымалдығы шамамен 2,5 есеге артқан. Іздеу көлемі бойынша алғашқы төрт ел — Қытай, Үндістан, БАӘ және Түркия — нақты келушілер саны бойынша да көш бастап тұр. Бұл цифрлық қызығушылық пен нақты туристердің өзара жоғары сәйкестігін көрсетеді.
Аталған халықаралық басылымдардың бағалауынша, дамыған әуе қатынасы желісі мен либералды визалық режим Алматының әлемдегі ең ашық әрі болашағы зор туристік хабтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.

Инфрақұрылым және болашақ
2025 жылы қонақтардың қонақ үй сервисіне қанағаттану деңгейі 14%-ға өсті. Соған қарамастан, халықаралық стандарттар мен өңірлік көшбасшылар деңгейіне жақындау үшін әлі де айтарлықтай әлеует сақталып отыр.
2026 жылы әуе қатынасының географиясы одан әрі кеңейеді деп күтілуде, әсіресе Қытай бағыты бойынша өсім айқын болмақ (сілтеме). 2025 жылы желтоқсанда Чэндуға тікелей рейстің іске қосылуы және 2026 жылы Шанхай мен Гуанчжоуға жаңа бағыттардың ашылуы нәтижесінде Алматы мен Қытай қалалары арасындағы рейстердің жалпы саны аптасына 84-ке дейін жетеді. Бұл Алматының өңірдегі қытай туризмі үшін негізгі торап ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2026 жылы қалада жаңа мәдени және ғылыми кеңістіктердің ашылмақ. Бұл өз кезегінде Алматының отбасылық және мәдени аудитория үшін тартымдылығын арттыра түседі.
«2025 жыл Алматының туристік саласының дамуы үшін маңызды кезең болды. Қала Орталық Азиядағы жетекші туристік дестинация ретіндегі орнын нығайтып, Bloomberg пен CNN нұсқалары бойынша әлемнің үздік 25 бағытының қатарына енді, халықаралық жолаушылар санының өсуін көрсетті және негізгі шетелдік нарықтардағы қатысу аясын кеңейтті. Алматы тау кластерін, іскерлік және оқиғалық туризмді дамыту, сондай-ақ қала брендингін халықаралық деңгейде ілгерілету бойынша жүйелі шаралар қабылдап келеді. Ұсынылған есеп туризм саласындағы стратегиялық жоспарлау мен басқарушылық шешімдер қабылдау үшін маңызды аналитикалық негіз болып табылады», — деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.
«Біз үшін туризм — бұл тек сандар мен маршруттар ғана емес, ең алдымен адамдар, олардың таңдауы мен әсері. Mastercard Tourism Insights платформасы арқылы туристердің мінез-құлқын талдау бізге қонақтардың қажеттілігін тереңірек түсінуге, Almaty Tourism Bureau-мен және елдің бүкіл туристік саласымен өзара байланысты нығайтуға көмектеседі. Біз туризм Қазақстан экономикасының өсуіне серпін беретін маңызды драйверлердің біріне айнала алады деп сенеміз. Ал Алматы бүгінде Орталық Азиядағы негізгі тартымды бағыттардың және жетекші туристік хабтардың бірі ретінде қалыптасып келеді. Біз қала әкімдігі мен Almaty Tourism Bureau-ны сүйікті қаламыздың туристік әлеуетін толық ашу жолында қолдауға қуаныштымыз», — деді Mastercard компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша бас директоры Санжар Жамалов.