Алматы облысында өрт қаупі жоғары маусымға дайындық аясында тәулік бойы жұмыс істейтін тоғыз бақылау бекеті, 13 орман өрт станциясы мен ондаған арнаулы техника даярланды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Айбол Құсайынов осылай деді.
Оның айтуынша, Алматы облысының мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 2,2 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 1,2 млн гектары орманмен көмкерілген. Орман қорын қорғау, сақтау мен молықтыру жұмысын жеті коммуналдық орман шаруашылығы мекемесі жүзеге асырады.
Өрт ошақтарын ерте анықтау мақсатында өрт қаупі жоғары аудандарда тәулік бойы кезекшілік атқаратын тоғыз стационарлық бақылау бекеті ұйымдастырылған. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелері сегіз ұшқышсыз ұшу аппараты мен 19 бейнебақылау камерасын пайдаланады.
«Биыл лизингтік бағдарлама аясында орман шаруашылығы мекемелері 26 техника бірлігін сатып алып, пайдалануға берді. Оның ішінде жеті өрт сөндіру автокөлігі, сегіз өрт сөндіретін шағын кешен мен он бір трактор бар», – деді Айбол Құсайынов.
Қазір өңірдің орман шаруашылығы жүйесінде 13 орман өрт станциясы жұмыс істейді, онда 90 орман өрт сөндірушісі қызмет атқарады. Орман шаруашылықтары 27 өрт сөндіру техникасымен, 43 трактормен, су тасымалдауға арналған 17 тіркемемен, 683 байланыс құралымен, 1113 орманға арналған аспалы бүріккішпен, 102 мотопомпамен қамтылған.
Ықтимал өртті сөндіру үшін көлемі 4,1 тонна дизель отыны мен 6,3 тонна бензиннен тұратын жанар-жағармай қоры жасақталған.
Профилактикалық жұмыстар аясында орман шаруашылығы мекемелері жалпы аумағы 1064 гектар жердегі құрғақ қамысты бақылап өртеп, шауып шықты. Сонымен қатар минералдандырылған жолақтар да жасап жатыр: жоспарланған 46 шақырымның 41 шақырымы орындалды, ал минералдандырылған жолақтарды күтіп ұстау жұмысы көзделген 1442 шақырымның 1188 шақырымында жүргізілді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінді. Орман қоры аумағында 847 ақпараттық аншлаг орнатылып, 1194 жадынама таратылды, 108 дәріс өткізілді, телеарналарға 14 сұхбат беріліп, бұқаралық ақпарат құралдарында 62 материал жарияланды.
«Қабылданып жатқан ұйымдастырушылық және профилактикалық шаралар өрт қаупі жоғары маусымға тиісті деңгейде дайын болып, орман өртінің туындауы мен таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Айбол Құсайынов.