Қатысушылар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы білім беру мекемелерінің рөлін талқылады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы экономикалық-құқықтық және педагогикалық колледжінде Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының көшпелі кездесуі өтті.
Алматы қаласы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Болат Оспанов модератор болған алқалы жиында қазақстандық заңгер, заң ғылымдарының кандидаты, білім беру мен құқық саласындағы басқарушы Сәтжан Иманғалиев, педагогика ғылымдарының докторы, META университетінің профессоры Римма Масырова, Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері - Абдулкарим Огузхан мен Манас Ташыбеков және Әуезов ауданы прокуратурасының аға прокуроры Найля Қанатова сөз сөйледі.
Іс-шара аясында спикерлер Президент айқындаған ел дамуының негізгі бағыттарына, әлеуметтік-экономикалық реформаларға, сондай-ақ білім беру және кадр даярлау саласындағы жаңа мүмкіндіктер мен міндеттерге жан-жақты тоқталды.

Жастарды қолдау, техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту, оқытудың заманауи стандарттарын енгізу және болашақ мамандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы білім беру мекемелерінің рөлін талқылады.
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қалалық прокуратура өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырған кездесу ашық диалог форматында өтті. Оқытушылар мен студенттер спикерлерге өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойып, күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілігін дамытуға және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.