Алматыдағы А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада қазақ вальсінің королі атанып кеткен Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне арналған «Ән падишасы – Шәмші аға» атты музыкалық кеш өтті. Өнерді сүйетін жастар жиналған алаңда Халық артисінің көзі тірісінде бірге жүрген замандасы, қатар жүрген іні-досы Әлімғазы Дәулетхан біраз естелік айтты.
ЖҮРЕККЕ ЖОЛ ТАПҚАН
– Байқайтыным, Шәмші туралы сөз қозғалғанда көбіне жеңіл-желпі әңгімелер, оның ішкені, жүрген-тұрғаны жиі айтылады екен. Ал оның азаматтығы, адами келбеті керемет еді! Білімінің тереңдігі соншалық, қай саладан сұрақ қойсаңыз да, мүдірмей жауап беретін, білмейтіні жоқ еді. Құлағы қалқиған, денесі де шап-шағын, қағылез, дауысы қырылдап шығатын өзгеше адам болатын. Қалжыңдаушы едім, «Шәке, бір әуеннен бір әуен туындап жатыр толассыз. Өзіңіздің тұрқыңыз мынау, дауысыңыз анау, сонда бұл әндер қайдан шығады?» деп. «Оу, досым, маған көлденеңімнен қарамайсың ба?! Мынау кеудеме қарасаңшы! Әннің бәрі бойдан емес, осы кеудеден шығады ғой», – деп күлгені бар еді. Расымен де, жүректен шыққан әнінің бәрін жас та, кәрі де әлі күнге шырқап жүр, – дейді Әлімғазы қария.
ТУҒАН ЖЕР
– Бірде «менің туған жерімді көресің бе?» деп сұрады. Әрине дедім. Сонда Шәуілдірдің Сарыкөл деген жеріне апарды. Сол жерде қамыстан өрілген күркеде туған екен. Әкесі Қалдаяқ (шын аты Әнәпия, аяғында қалы болғасын жеңгелері Қалдаяқ атап кеткен көрінеді) байдың баласы болған. Кәмпескелеу заманында Арқа жақтан қоныс аударған деседі. Сол кезеңде Созақтың өзінде де көтерілістер болып, бой тасалауына тура келген. Шәмшінің анасы төренің қызы – Сақыпжамал. «Менің шешем керемет әнші болған» деп отыратын. Қалдаяқ екеуі Сыр өзенінің бойында қамыстан күрке жасап алып күн кешкен. Вальс королі сол жерде өмірге келеді. Отызыншы жылы «Арыс – Түркістан» деген каналдың жұмысы басталады. Сонда арба, күрек, қайла, балта сынды шарушалық заттар жетіспей жатқанда, ұсталығы бар Қалдаяқ сол қат құрал-саймандарды жасап жүріп аты шығып, халықтың ортасына, елдің ішіне солай кірген екен, – деді қадірлі қонақ.
АДАЛ ДОС
– Мен бір жылдары он жеті жылдай құжатсыз жүріп, көшіп-қонудың азабын бір кісідей тартқан адаммын. Сонда Шәмшінің беделінің арқасында КСРО-ның паспортын алғанмын. Жастайымнан ән айтып, домбыра тартып, ән, күй шығаратын өнерім болғандықтан шығар, үнемі жанына ертіп жүретін. Оның үлкен-кішімен қарым-қатынасына, адамгершілігіне тәнті болушы едім, – деп еске алды Әлімғазы ақсақал.
ЖАНАШЫР ЖАН
– Оның елге, жерге, ата-анаға, жарға, досқа деген ықыласы – шығармашылығының басты тақырыбы еді. Шәмшінің Алматыда Қонаев берген төрт бөлмелі пәтері болды. Жұбайы екеуі екі ұл сүйді. Мен көргенде ол бұл қалада көп тұрмайтын, күзге қарай келетін. Машинасына бір қап картоп, сәбіз, капустасын және бір жылқының етін салып алып, артынып-тартынып жететін бала-шағасына. Осы қаладағы ағайын-туыс, жора-жолдасын шақырып соғым басын беретін. Сосын қайтадан Шымкент жаққа жолға шығып кететін. Сонда тынбай шығармашылық ізденісте жүреді екен-ау! – дейді кеш мейманы.
«ӨМІР-ӨЗЕН»
Шәмшінің лирикалық сезімге, нәзік иірімге бай, терең мағыналы кез-келген әні сан жүректі тербейді. 40 жылдан асатын шығармашылық жолында 300-ге жуық музыкалық туынды жазған. «Ана туралы жыр», «Сыған серенадасы», «Өмір-өзен», «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Бақыт құшағында», «Кешікпей келем деп ең» «Теріскей», «Отырардағы той» сынды шедевр туындылары бүгінде барлық мереке, той-думанда шырқалады десек, артық айтқандық емес. Қазақ даласын әнмен тербеткен Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, аса көрнекті сазгер Шәмші Қалдаяқовтың танымал бірнеше әнін «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншілері Мағжан Сатыбалды мен Ұлсая Бектас және Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті Айберген Күзембаев әуелете шырқады. Бұл кеш жүректерге жылылық сыйлағаны анық.