Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне арнайы келген шетелдік туристер қала туралы өз әсерлерін бөлісті. Олардың арасында Австралиядан, Ресейден сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінен келген жанкүйерлер бар, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Австралиядан келген Деборра Лайт Қазақстанға ұлымен бірге арнайы келгенін айтты. Оның 18 жастағы ұлы — Ye-дің үлкен жанкүйері.
«Қазақстанда жүргенімізге екінші күн ғана болды, бірақ бізге мұнда қатты ұнап жатыр. Алматы — ғажап қала, өте әдемі. Бұған дейін Қырғызстанда, Өзбекстанда және Тәжікстанда болдық. Сосын Қазақстанға келдік. Алматы бізге ерекше әсер қалдырды», — деді Деборра Лайт.

Оның айтуынша, сапардың басты мақсаты — ұлының сүйікті орындаушысының концертін көру. Дегенмен өзі де Ye-дің шығармашылығы мен көзқарастарына қызығатынын жеткізді.
«Негізі, біз мұнда ұлым үшін келдік. Бірақ өзіме де Ye-дің айтатын ойлары ұнайды. Әсіресе оның еркіндік туралы көзқарасы мен еркін рухы жақын», — деді турист.
Ал Біріккен Араб Әмірліктерінен келген Сұлтан Абдулла Әлғалиби Қазақстанға Kanye West үшін арнайы келгенін айтты.
«Біз Қазақстанға Kanye West үшін келдік және концертті асыға күтіп жүрміз. Мұнда шынымен өте әдемі екен. Табиғаты ерекше, шөлейтті өлкелерді еске түсіреді. Бізге қатты ұнады», — деді ол.

Сұлтанның сөзінше, олар Қазақстанда үш күннен бері жүр. Елдің табиғаты мен Алматының атмосферасы ұнап, сапарын тағы біраз уақытқа ұзартуды жоспарлап отыр.
«Әзірге кеткіміз келмейді», — деді шетелдік қонақ.
Шетелдік жанкүйерлердің айтуынша, концертке келу олар үшін тек музыкалық шараға қатысу емес, Қазақстанды аралап, Алматыны жақынырақ тануға мүмкіндік болған.
Айта кетейік, бүгін Алматыда Канье Уэсттің әлемдік туры аясындағы концерті өтеді. Музыкалық кешке әлемнің әр түкпірінен жанкүйерлер арнайы келген.