ffin.kz

ALMATY CIRCUS FESTIVAL екінші халықаралық фестивалі өтіп жатыр

ALMATY CIRCUS FESTIVAL екінші халықаралық  фестивалі өтіп жатыр Cурет: Aqshamnews.kz

Алматыда ALMATY CIRCUS FESTIVAL II Халықаралық цирк өнері фестивалі басталды.

 Цирк манежінде Қытай, Жапония, Қазақстан, Аргентина, Бразилия, Португалия, Испания, Италия, Ресей, Вьетнам, Беларусь, Өзбекстан, Украина, Армения, Тәжікстан, Якутия, Қырғызстан және Эфиопия сияқты әлемнің 18 елінен 80-нен астам үздік әртістер өнер көрсетуде, деп хабарлайды aqshamnews.kz

Сонымен қатар, фестиваль басталған күні Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы 54 жылдығын атап өтуде. Өткен жылы, араға 35 жыл салып, цирк артистері Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен шетелге гастрольдік сапарларын қайта бастады, Қытай мен Ресейдің үздік цирк мектептерінде біліктілігін арттырып, оқудан өтті, елден тыс жерлерде беделді конкурстар мен фестивальдарда марапаттарға ие болды. Енді екінші жыл қатарынан аты аңызға айналған Қазақ мемлекеттік циркі Халықаралық фестиваль өткізуде. 

«Біздің цирктің жарты ғасырдан астам тарихы бар және оның өз фестивалі болуы керек. Біз артистеріміздің жетістіктерін мақтан тұтамыз, Алматы циркі халықаралық аренада белсенді жұмыс істеуде. Қазір әкімдік айрықша қолдау көрсетіп келеді, бұған біз өте қуаныштымыз.  Біз үлкен жоспарларды жүзеге асыра отырып, мәдени туризмді дамытуға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Алматы тұрғындары мен қонақтары әлемнің үздік артистері ұсынған қойылымдарды өз көздерімен көруі тиіс», - деп атап өтті Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.

ALMATY CIRCUS FESTIVAL аясында эквилибристер, акробаттар, әуе гимнасттары, арқанмен жүрушілер мен жонглерлер өздерінің кәсібилігі мен шеберлігін көрсетуде. Көрермендерді таң қалдырып, ұмытылмас шоу ұсыну үшін артистер қауіпті, қызықты әрі күрделі трюктерді орындап жатыр. Қызықты фактілердің бірі: Қытайдан келген қатысушы Ван Манчэн өзімен бірге салмағы екі тоннаға жуық ауқымды реквизиттерді алып келген. Айта кетейік, фестивальде Марина Стародубова мен Даяна Жетпісова «Жаңбырдағы ұшу» нөмірімен, сондай-ақ Нұрым Құленбаевтың жетекшілігімен жонглер-виртуоздар Қазақстан атынан өнер көрсетуде.

Айта кетейік, фестиваль 28 шілдеге дейін жалғасады, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматыда қалып, тамыз айының соңына дейін мегаполис тұрғындары мен қонақтарына фестиваль бағдарламасымен өнер көрсетеді. Қазақ мемлекеттік циркінің әрі ALMATY CIRCUS FESTIVAL қойылымдарының бас режиссері Марина Редько артистер нағыз шоу жасайтынын айтты. Бағдарлама Қазақстан үшін сирек кездесетін жанрлармен қамтылған.

«Өткен жылы бірінші фестивальде тіспен трюк жасаған нөмірлер болды. Ал осы жылы артистер «аяқпен», өкшемен өте күрделі трюктар орындайды. Қазір жазғы демалыс, осы уақытта балалар мен ересектер әлемнің үздік цирк артистері ұсынған қойылымдарды тамашалағанын қалаймын», - деп атап өтті Марина Редько.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қазылар алқасының мүшелері анықтайды: Қытай Ұлттық акробатикалық труппасының Президенті Ли Чи (Қытай), Сен-Пол-Ле-Дакстағы Халықаралық цирк өнері фестивалінің Президенті Бруно Лалой (Франция), Италиядағы Халықаралық цирк өнері фестивалінің Президенті Фабио Монтико (Италия), Ресей мемлекеттік цирк компаниясының бас директоры Сергей Беляков (Ресей), Үлкен Мәскеу мемлекеттік циркі бас директорының орынбасары Татьяна Запашная (Ресей), Cirque d'Hiver Bouglione бас директоры Одетта Буглион (Франция), «Armonı Organızasyon» бас директоры Ахмет Экщи (Түркия), Астаналық цирктің бас директоры Ерік Жолжақсынов (Қазақстан), MegaArt және JNT продюсерлік компаниясының директоры Михаил Мушулов (Грузия), Тәжік мемлекеттік циркінің бас директоры Бахтиер Рахматуллозода (Тәжікстан), ALMATY CIRCUS FESTIVAL бас қоюшы-режиссері Марина Редько (Қазақстан), сондай-ақ қазылар алқасының төрағасы - Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов (Қазақстан).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32