Алматы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Тұрғындар тұрғын үймен қамтамасыз ету және оны жекешелендіру, қалалық инфрақұрылымның жай-күйі, қоғамдық көлік, МИБ жұмысы және тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсету мәселелері бойынша жүгінді.
Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй саласына қатысты болды. Азаматтар тұрғын үй кезегіне тұру және баспана алу тәртібі, бұрын берілген жалдамалы тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі, сондай-ақ көппәтерлі үйлерді басқару органдарының қызметі туралы сұрады.
Тұрғындардың ұжымдық өтініші де жеке қаралды. Шапағат шағынауданының өкілдері автобус қатынасы, жолдардың жай-күйі, инженерлік инфрақұрылым және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі мәселесін көтерді.
«Алтын бұлақ» тұрғын үй кешенінің тұрғындары пәтерлерге құқық белгілейтін құжаттарды рәсімдеу мәселесін көтерді. Ал «Saxon Yard» тұрғын үй кешеніне қатысты инженерлік желілерді беру, нысанға қызмет көрсету және жылумен жабдықтау инфрақұрылымына байланысты мәселелер қаралды.
Әрбір сауал бойынша Алмасхан Сматлаев тұрғындарды тыңдап, жауапты қалалық қызметтермен бірге шешу жолдарын талқылады. Көтерілген мәселелер тиісті басқармалар мен аудандық құрылымдардың қарауына жіберілді. Қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер қолданыстағы заңнама аясында тиісті түрде пысықталады.