Алматы әкімі Ерболат Досаевтың халықпен кезекті кездесуі Әуезов ауданында өтті. Қала басшысы ауданның дамуы және тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты. Кездесуге 250-ден астам адам келді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.
Қала әкімі Ерболат Досаев атап өткендей, ауданның негізгі өзекті мәселесі әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету болып табылады.
2022 жылға 1 мектеп ашу, 3 мектепті кеңейту және 2 жаңа мектепті жобалау жоспарланған.
Мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын азайту үшін ауданда 280 орындық 2 мемлекеттік балабақша салу жоспарлануда. "Алтын бесік" шағынауданындағы 120 орындық бірінші балабақшаның құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Екінші балабақша бойынша 10-шы шағынаудандағы 160 орындық балабақша үшін ағымдағы жылдың 10 мамырында қараусыз қалған балабақша ғимараты сатып алынды. Құрылысты мемлекеттік сараптамадан және қолданыстағы ғимаратты бұзғаннан кейін келесі жылы бастау жоспарлануда.
Ерболат Досаевтың айтуынша, денсаулық сақтау саласында емханалардың шамадан тыс жүктелуі өзекті мәселе болып қалуда. Аудандағы жағдайды шешу үшін, 2023 жылдың бірінші тоқсанына ауысымына 200 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, келесі жылы ауысымына 300 келушіге арналған №18 емхананың жаңа негізгі ғимаратының құрылысын бастау жоспарлануда.
Ауданның жол инфрақұрылымының сапасын арттыру мақсатында 50 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жыл соңына дейін ұзындығы 32,4 км 23 көше мен өтпе жолдарды жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Көлік ағынының шамадан тыс жүктелу проблемасын шешу үшін ағымдағы жылдың мамыр айында метрополитеннің «Сары-Арқа» және «Бауыржан Момышұлы» екі жаңа станциясы іске қосылды. Бұл метродағы күнделікті жолаушылар ағынын 50-ден 70 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Жауын-шашын жауған кезде су басу мәселесі ауданда өте өзекті мәселе болып қалуда. Аудан бойынша тұрақты су басудың 5 учаскесі анықталды, ТЖ желісі бойынша екі учаске жойылды, 2022 жылдың соңына дейін қалған үш учаске бойынша жұмыстар аяқталады. Ол үшін Момышұлы көшесінде диаметрі 1 метр және ұзындығы 2,1 км жаңа су бұру каналы салынады, сондай-ақ Жұбанов, Қабдолов, Өтеген батыр көшелеріндегі ұзындығы 3,5 км коллектор қалпына келтіріледі. Бұдан басқа, 2023 жылдың соңына дейін ұзындығы 44 км 67 көшеде арық желілері салынып, қайта жаңғыртылатын болады.
Ауданда инженерлік инфрақұрылымды дамыту бөлігінде келесі жылдан бастап ұзындығы 61,8 км сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы мен модернизациялау басталады.
«Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында жыл басынан бері 8 үйдің жалпы пайдалану орындары жөнделді және 97 үйде 190 лифт ауыстырылды. Жыл соңына дейін 8 үйдегі 12 лифтті қосымша ауыстыру және 32 үйдегі жалпы пайдалану орындарын жөндеу жоспарлануда.
«Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы аясында ағымдағы жылы барлық іріктелген 23 жоба бойынша құны 800 млн.теңге болатын құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды жүзеге асыру тамыз айының соңына дейін аяқталады.
Сондай-ақ, әкім 2022 жылдың соңына дейін Сайран су қоймасының түбін механикалық тазарту жұмыстары басталатынын атап өтті. Іргелес аумақты қатар абаттандыра отырып, су қоймасын қайта құруға ЖСҚ әзірленуде. Әзірлеу аяқталғаннан кейін, жөндеу жұмыстарына 2023 жылдың 2 тоқсанында кірісу жоспарлануда.
Алматы әкімімен кездесу барысында тұрғындар жолдарды, кәріз және электр желілерін жөндеу, абаттандыру және т. б. мәселелерді көтерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген халықпен кездесулердің жаңа форматына сәйкес, жыл соңына дейін Ерболат Досаев тоқсанына 8 ауданның тұрғындарымен бір-бір кездесуден - барлығы 24 кездесу өткізеді.