Жүздеген жолаушыны алып ұшқан әуе кемелерінің қауіпсіздігіне жауап беру – ауыр міндет. Ал бұл міндет ұшқыштар мен авиациядағы техникалық мамандарға ғана жүктелмеген...
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жыл сайын ұшақтар мен тікұшақтардың құстармен соқтығысқан 5 мыңға жуық жағдайды тіркейді. Осындай апаттарды болдырмас үшін әрбір әуеайлағында орнитологтар тобы жұмыс істейді. Олар қанаттылардың ұшақтарға кедергі келтірмеуін сәт сайын жіті қадағалап, әуе кеңістігінің қауіпсіздігіне жауапты. Алматы халықаралық әуежайына барып, авиациядағы орнитологтардың күнделікті жұмысымен жақын танысудың сәті түсті.
![]()
Келген бетте бізді Әуеайлағын қолдау және бақылау қызметінің жетекшісі Серік Нұрланбеков қарсы алып, мамандардың кеңсесіне бастап барды. Әуеайлаққа шығар алдында қауіпсіздік талабына сай арнайы жилет киіп, кезекші орнитологтарға қарай беттедік.
Құстар мен әуе кемелерінің соқтығысу деректері Алматы әуежайында да жыл сайын тіркеледі. Мамандар айтқан статистикаға сүйенсек, 2020 жылы – 11, 2021 жылы – 5, 2022 жылы – 22, 2023 жылы – 10, 2024 жылы – 10, 2025 жылы – 11 рет болса, биыл – 10 оқиға тіркелген. Ең көп жағдай 2022 жылы байқалып, 22 соқтығысудың алтауында әуе кемесі зақымданған. Ал биылғы он деректің екеуінде ұшақтарға зақым келген.
![]()
Апатты жағдайлар азайған
«Кейінгі жылдары құстарға қатысты апатты жағдайлар азайды. Мұндай оқиғадан соң орны мен уақыты, әуе кемесінің ұшу кезеңі, құстың түрі және жалпы орнитологиялық ахуал жан-жақты талданады. Жүйенің халықаралық талаптарға сәйкестігін бақылау мақсатында жыл сайын ИКАО талаптары негізінде аудиторлық тексеріс болады», – дейді Серік Нұрланбеков.
Әуежайда орнитологиялық қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Негізгі міндеті – құстардың қозғалысын бақылау, шоғырланатын орнын анықтау, үркітіп, әуе кемелерінің құстармен соқтығысу қаупін азайту. Егер орнитологтар ұшу-қону жолағынан немесе оған іргелес аумақтан ірі құстарды байқаса, бірден жағдайды бағалап, қанаттылардың түрін, саны мен орналасқан жерін анықтайды. Қажет болса, дереу әуе қозғалысын басқару диспетчеріне хабарлап, құстарды қауіпсіз аймаққа қарай үркітуге кіріседі.
![]()
«Ол үшін биоакустикалық, пиротехникалық құралдарды пайдаланады. Аэродром аумағынан алысқа қуғаннан кейін ұшу-қону жолағы мен маңайы қайта тексеріліп, нәтижесі диспетчерге баяндалады. Барлық іс-қимыл әуе қозғалысын басқару қызметімен өзара үйлесімді түрде жүзеге асырылады», – деді маман.
![]()
Алматы әуежайында тәулігіне жүз ұшақ ұшады, сонша ұшақ қонады. Міне, осы рейстердің сәтті орындалуы біздің бүгінгі өз ісіне жауапты кейіпкерлеріміздің де арқасы.
Қазір әуежайдың орнитологиялық қызметінде 9 маман жұмыс істейді. Оның ішінде 8 орнитолог 12 ауысымдық кесте бойынша кезекшілік атқарып, аэродром аумағын бақылайды. Ал бір маман бес күндік жұмыс кестесі бойынша жағдайды талдап, алдын алу шараларын үйлестіріп отырады.
Кейінгі кездегі әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты Қазақстан арқылы ұшатын рейстер көбейді. Отандық авиациядағы қауіпсіздікті нығайтуда заманауи технологиялардың рөлі артты. Осы орайда алдағы уақытта Алматы әуежайына құстардың қозғалысын автоматты түрде анықтайтын жасанды интеллект жүйелерін, орнитологиялық радарлар мен озық бейнебақылау құрылғыларын енгізу жоспарланып отыр.
![]()
Аға орнитолог Айдос Айдарұлы Алматы әуежайында 2024 жылдан бері еңбек етіп келеді. Мамандығы – биолог-аңтанушы, бұған дейін Алматы ұлттық табиғи паркінде қызмет атқарған.
![]()
Сирек мамандық иелері
«Орнитология – құстарды зерттейтін ғылым. Ал авиациялық орнитология – кейінгі жылдары ғана қалыптасқан сала. Қазір орнитологиялық білімімді авиациямен ұштастырып, мамандықты жан-жақты меңгеріп жүрміз. Тек әуежайларда қолданылатын ерекше сала, әрі барлық әуе айлағы орнитологтарды штатқа ала алмайды. Біздегі үлкен халықаралық әуежай болғандықтан, арнайы орнитологтар тобы болуы керек. Ал күніне үш-бес рейс қана қабылдайтын шағын әуежайларда бұл міндетті өзге қызметкерлер қоса атқарады», – дейді Айдос Айдарұлы.
![]()
Кейіпкеріміздің айтуынша, Алматы халықаралық әуежайының маңында көбіне көгершіндер, қарғалар, сауысқандар, сарыжағал қараторғайлар және жыртқыш құстар, соның ішінде жамансары мен қара кезқұйрық кездеседі. Орнитологтардың жұмысы тәулік бойы үзілмейді. Күндізгі кезекшілік таңертең сағат 8.00-де ауысымды қабылдап алғаннан кешкі 20.00-ге дейін жалғасса, одан кейін түнгі ауысымдағы мамандар қызметке кіріседі.
Кезекші орнитологтармен әңгімелесу кезінде қолынан шағын журнал мен планшетті байқадық. Мамандар дүрбімен айналаны бақылап жүр. Әр 15–30 минут сайын сол журнал мен планшетке құстардың түрін, санын, қай секторда жүргенін, қай бағытқа ұшқанын және қанаттыларды үркітуге қандай құрал қолданылғанын тіркеп отырады екен.
Біз барған сәтте сағат тілі 10.52-ні көрсетіп тұр. Ол тұста орнитологтар әуе кемелеріне кедергі келтірген бір топ торғай мен сауысқандарды байқапты.
![]()
«Ыңғайлы болуы үшін аэродром алаңын арнайы секторларға бөліп алғанбыз. Әр қызметкердің қолында сызба сызылған бір парақ болады. Сондағы мәлімет бойынша статистика жасаймыз. Әуежай маңында қандай құстардың көбейгенін, оларды не нәрсе елітіп тұрғанын анықтаймыз. Соған қарай құстарды азайту жолдарын қарастырамыз. Мысалы, аумақта ірі жыртқыш құстар жүрсе, демек тышқандар пайда болған. Мұндайда құстарды емес кеміргіштерді жоюға кірісеміз», – деді аға орнитолог.
Орнитологтармен бірге әуежай айлағының қоршауларын да тексеріп шықтық. Әсіресе, шығыс және батыс жағындағы ауылдық, егіншілік аймақтардан малдың, қаңғыбас иттердің, шибөрі мен қарсақтың кіріп кетпеуі қадағаланады. Қоршау тесілсе, бірден жөндейді.
«Сонымен қатар, әуежай айналасындағы 13 шақырымдық бақылау аймағы айына бір-екі рет тексеріледі. Қоқыс орындары, базарлар, мал сою орындары, егін алқаптары, жем қоймалары мен көлдерді тексереміз. Құстар шоғырлануы мүмкін аймақтар анықталса, жергілікті әкімдіктерге ресми хат жолдаймыз», – дейді ол.
![]()
Құстан келетін қауіп
Көктем мен күзде орнитологтардың жұмысы қыза түседі. Өйткені, осы екі мезгілдегі маусымдық көші-қон кезінде әуежай маңында құстардың қозғалысы күрт артады. Ал жазда ұядан енді шыққан балапандар қанатын қатайтып, ұшуды үйренетін шақта қанаттылардың қатары толығып, әуеайлағында қауіп көбейеді.
Құстарды үркіту үшін әртүрлі тәсіл қолданылады. Әуежайда «Сигнал охотника» пиротехникалық құралы мен 12-калибрлі тегіс ұңғылы қару бар. Ұшу-қону жолағының екі шетіне үш-үштен және ортасына үш стационарлық биоакустикалық қондырғы орнатылған.
![]()
«Құстар биоакустика мен стационарлық құралдарға тез үйренеді, сондықтан балапандар ұядан шығып, қанаттарын қатайта бастаған кезде, құс көбейген шақта ғана бір-екі аптаға қосып, кейін өшіреміз. Жыл сайын құстардың мінез-құлқы мен қорегі өзгереді, сондықтан әр құсқа арналған дыбыс жазбасы бар», – деді кейіпкеріміз.
Иә, қызметтік көліктердің үстінде әртүрлі құстардың дауысын шығаратын мобильді биоакустикасы бар дыбыс шығарғыш орнатылған. Орнитолог алдымен қандай құс екенін анықтап, соған сай дауысты қосады. Жыртқыш құстардың макетін, айналы шарлар, түнде және тұманда шөп пен ағаш арасындағы құс немесе ит пен мысықты көрсететін тепловизор, ұшу жолақтары мен перрондарда қолданылатын құрылғы, іздеу шамы және лазерлік құралдар пайдалады. Ұшу-қону жолағы рейс аз кезде әр екі-үш сағат сайын тексеріледі. Құспен соқтығысу жағдайы тіркелсе, борт қонғаннан кейін мамандар әуе кемесі мен жолақты тексереді: өлексенің бүтін денесі табылса, түрін анықтап, акті толтырады, ал қауырсын немесе қан ізі қалса, арнайы қолғаппен алып, серіктес Микробиология және вирусология ғылыми орталығына ДНҚ сараптамасына жібереді.
![]()
«Құстарды мүлдем жоқ қылып жібереміз деп айта алмаймыз. Біздің мақсат – әуе апатына жол бермеу, құстар мен ұшақтар арасындағы қауіпті азайту. Жұмысымыздың нәтижесінде ұшақтар қауіпсіз ұшып, діттеген жеріне аман жетсе, біз үшін одан асқан қуаныш жоқ. Оған үлес қосу – үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш», – деді аға орнитолог.
Алматы орнитологтарының жұмысымен танысып жүріп, тарихтағы ең ғажайып әрі сирек оқиға есімізге түсті. 2009 жылы 15 қаңтарда Нью-Йорк әуежайынан әуеге енді көтерілген ұшаққа бір топ қаз қарсы ұшып, қозғалтқыштарына кіріп кетеді. Екі бірдей қозғалтқышы істен шыққан ұшақты Гудзон өзенінің бетіне сәтті қондырып, борттағы барлық 155 жолаушыны аман алып қалған командир Чесли Салленбергердің шеберлігін әлемдік БАҚ жарыса жазды. Авиация тарихында мұндай жағдай тым сирек. Ғажайыпқа сенгеннен гөрі, қауіптің алдын алған әлдеқайда жақсы. Ал біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз дәл осы қағидамен жүретініне көзіміз жетті...
Мақала авторы - Гүлжанат Сембаева