Қостанай облысындағы өртке байланысты Алматыда өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау басталды деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының фронт-офисінің еріктілері мемлекеттік жастар саясаты қорымен, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасымен, сондай-ақ Алматы қаласының аудандық әкімдіктерімен бірлесіп Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинағын ұйымдастырды.
"Қаражат пен қажетті азық-түлік, киім-кешек пен құрылыс материалдарын жинауға кәсіпкерлер, аудандық әкімдіктер қосылды. Бүгін Қостанай облысына гуманитарлық көмекпен төрт жүк көлігі аттанады. Біз негізгі азық-түлік - су, қант, май, жарма, печенье, кептірілген жемістер және т.б., сондай-ақ ересектер мен балаларға арналған киім, мектеп керек-жарақтары, аяқ киімдер жинадық", - деп түсіндірді жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.
Гуманитарлық көмек жинау және еріктілерді қабылдау қаланың барлық сегіз ауданында таңертең ерте жүргізіледі, жиынның бас штабы Байтұрсынов көшесі, 22 к1 мекен-жайы бойынша DEPO EVOLUTIONS PARK болып белгіленді. Азық-түлік, ұзақ мерзімді сақтау өнімдері, дәрі-дәрмектер, гигиена құралдары, киім және төсек-орын жабдықтары жиналады.
"Біз қалалық волонтерлік ұйымдарды біріктірдік. Жастар саясаты басқармасының фронт-офисінің еріктілері, сондай-ақ студенттер қатарындағы Мемлекеттік жастар саясаты қорының еріктілері таңертеңнен бастап гуманитарлық көмек қабылдау пункттерінде жұмыс істеуде. Мегаполис тұрғындары да шетте қалған жоқ. Бізге киімдер, балалар тағамдарын әкелуде. Қазіргі уақытта еріктілер жүк көліктерін Қостанай облысына қабылдап, жөнелтуде", - деді Алматы қаласының мемлекеттік жастар саясаты қорының директоры Әзиз Кажденбек.
Алматы жастар саясаты басқармасының басшылығы қала тұрғындарын акцияға қосылуға және Қостанай облысында зардап шеккен отбасыларға көмектесуге шақырды. Көмек көрсетуге, волонтер болуға немесе азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмектескісі келетіндердің барлығына ұйымдастырушылар 87074387733 телефоны бойынша - Алматы қаласының волонтерлер фронт-офисінің басшысы Нұрсұлтан Болатұлына қоңырау шалуды сұрайды.
Сонымен қатар, алматылық еріктілер қалпына келтіру жұмыстарына қатысады, сондай-ақ Қостанай облысында жүк жинау үшін арнайы қоймалар ұйымдастырады және халыққа көмек тарату жұмыстарын жүргізетін болады.